Алаяқтық транзакциялар туралы деректер алмасу орталығы – антифрод орталық өткен жылы әзірленген болатын. Осы уақыт ішінде оның жұмысы жетілдірілді, деректер жиналып, сараптамалық бағалау жүргізілді. 2024 жылғы 5 тамызда ҚР Ұлттық Банкі оның толық іске қосқанын хабарлады. Осы орталықтың жұмысы туралы толығырақ Fingramota.kz айтып береді.
Не үшін қажет?
Антифрод орталықтың басты міндеті – алаяқтық операцияларға қарсы тұру. Бұл алаяқтық транзакцияларды анықтау және бұғаттау, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел ден қою және алаяқтық операциялардың бірыңғай дерекқорын жүргізу.
Бірақ ең бастысы – қатысушылар, яғни реттеушілер, мемлекеттік органдар және қаржы нарығына қатысушылар арасында ақпарат алмасу нақты уақыт режимінде болады, бұл кез келген күдікті қаржылық транзакцияларға ден қоюдың жеделдігін айтарлықтай арттырады.
Пайдасы қандай?
Антифрод-орталық нәтижелерін көрсете бастады. Платформа іске қосылған сәттен бері қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары алаяқтық операциялар бойынша 400-ге жуық инцидент анықтап, шамамен 30 миллион теңге сомаға қаражат бұғатталды.
Антифрод-орталықты одан әрі дамыту кезінде ашық интерфейстер (API) пайдаланылады, бизнес-процестер автоматтандырылады. Бұл платформаның функционалы мен қамтуын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, күдікті транзакцияларды анықтау тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарлануда.
Осылайша, антифрод-орталық ең алдымен күдікті ақша аударымдарын, жалған онлайн кредиттер алуды және басқа да күмәнді операцияларды бұғаттайды. Бұл шаралар азаматтардың ақшасын үнемдеуге айтарлықтай көмектеседі.
Нені білу керек?
Антифрод-орталықтың қызметкерлері мен өкілдері ешқашан жеке тұлғаларға ақпарат жинау немесе қандай да бір операциялар жасау үшін қоңырау шалмайды. Антифрод-орталық жеке тұлғалармен өзара іс-қимыл жасамайды, қаржы, төлем ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы байланыс операторларымен ғана жұмыс істейді.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін азаматтардың негізгі қауіпсіздік ережелері:
- Егер сізге Антифрод-орталығының қызметкері деп таныстырған адам қоңырау шалса, дереу сөйлесуді тоқтатып, құқық қорғау органдарына қоңырау туралы хабарлауыңыз керек. Есіңізде болсын, Антифрод-орталықтың немесе қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл құпия мәліметтер алаяқтарға ғана қажет. Егер сіз күмәндансаңыз, банкіңіздің байланыс орталығының ресми нөміріне хабарласыңыз.
- Егер сізге құқық қорғау органының қызметкерімін деп біреу қоңырау шалса, сабыр сақтап, мән-жайды анықтаңыз. Әлеуетті күдіктінің қай полиция бөлімшесінде екенін, оған қандай бап жүктелгенін, іс-әрекеттің қашан жасалғанын, адвокаттың көмегі берілген-берілмегенін және онымен қалай байланысуға болатынын сұраңыз. Сонымен бірге атын атаған ұйымның: ҚР ІІМ немесе аудандық полиция бөлімшесінің жедел желісіне өзіңіз қоңырау шалуыңыз керек.
- Жеке деректеріңізді, банк картасының деректемелерін, әсіресе оның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV кодын (артқы жағындағы үш сан, карточканың түпнұсқалығын тексеру коды), код сөзін және ақша қаражатының қалдығын, жасалған операцияны: төлемді, аударымды және т.б. растау үшін SMS/push-кодты ешқашан және ешкімге айтпаңыз. Ешқашан және ешкімге интернет-банкингтегі немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинетіңіздің құпиясөзін бермеңіз.
Өзіңізді және ақшаңызды қаржылық алаяқтардан қорғау үшін цифрлық гигиенаны сақтап, кеңестерімізді орындаңыз!
Банктік тұтынушылық кредит беру нарығындағы үрдістер
Цифрлық ортада туғандар, немесе балаларды кибералаяқтардан қалай қорғауға болады
Алаяқтар телефон нөмірлері мен SMS-ді қалайша ауыстыра алады
Егер коллекторлар сізді мазалай берсе, не істеу керек және қайда бару керек?
Аңыздарды жоққа шығарамыз: коллекторлармен қалай өзара іс-әрекет етуге болады
Бас тартуға болатын ұсыныстар: алаяқтар адамдарды қалай алдайды