Арнайы резерв: сақтандыру қызметтерін тұтынушылар қалайша «сақтандырылған»

time 7.12.2022

Кепілді сақтандыру төлемдері жүйесі қалай жұмыс істейтіні және 2022 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанның сақтандыру нарығында қандай жаңалықтар орын алғаны жөнінде Fingramota.kz-ке «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-та айтып берді. 

Көпшілік банк салымдарына Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдіктері қолданылатын біледі. Сол себепті салымшылар өз депозиттері үшін сенімді, бастысы, оның сомасы кепілдік өтемінің ең жоғары сомасынан аспаса болды:

  • ұлттық валютада жинақтау салымдары (депозиттер) бойынша 20 млн теңге;
  • ұлттық валютада карточкалар, шоттар және басқа депозиттер бойынша 10 млн теңге;
  • шетел валютасында карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша 5 млн теңге.

Сақтандыру нарығында да ұқсас жүйе бар. 2003 жылы осы мақсаттар үшін «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – Қор, СТКҚ) құрылды.

Қор немен айналысады? 

Бұл сақтанушыларға сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін Қазақстандағы жалғыз ұйым, ол сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылған кезде кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асырады.

СТКҚ акционерлік ұйым нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады, ол өзінің қызметін салалық заңның және құрылтай құжаттардың негізінде жүзеге асырады. Қордың акционерлері өз қызметтерін сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері (сыныптары) шеңберінде жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары болып табылады. Оның қызметін бақылау және қадағалауды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүзеге асырады.

Реттеуші Қорда жиналған кепілдік резервтерінің сақталуы мақсатында оларды есепке алу және сенімді қаржы құралдарына инвестициялау бойынша, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесіне талаптар белгіледі. Кастодианның тарапынан олардың есебінен кепілді төлемдер жүзеге асырылатын СТКҚ активтерінің нысаналы пайдаланылуына бақылауды күшейтті.

2022 жылғы 12 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) күшіне енді, ол Заңмен Қордың қолданыстағы өкілеттіктері кеңейтілді.

Сонымен қатар, СТКҚ қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету және сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Қорға қаржы ұйымының мәртебесі берілді.

Сақтандыру нарығының тұрақтылығын арттыру бойынша дамыған елдердің тәжірибесін алу, экономикалық, сондай-ақ саяси сипаттағы өзгерістерге сезімтал сақтандыру төлемдері жүйесін құру, тәуекелдерді басқарудың барабар жүйесін құру үшін СТКҚ 2022 жылы Full Member of IFIGS (International Forum of Insurance Guarantee Schemes) мәртебесін алды.

Сақтандыру ұйымдарының клиенттері үшін қандай өзгерістер болды?

Маңызды өзгерістердің ішінде сақтандырудың кепілдік берілген түрлерінің (сыныптарының) тізімін кеңейтуді атап өтуге болады. Кепілдіктер міндетті сақтандырудың барлық сыныптарына қолданылады, бұдан басқа, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) шеңберінде өмірді сақтандыру кепілдендірілген әлеуметтік маңызы бар сақтандыру түрлеріне қосылды.

Бұған дейін Қазақстанда сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі міндетті сақтандырудың 3 түрі (көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру және туристі міндетті сақтандыру) және аннуитеттік сақтандырудың 2 түрі (қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шеңберіндегі аннуитет және зейнетақы аннуитеті) бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды көздеген болатын.

Сондай-ақ, Заңда Қор реттеуші сақтандыру ұйымын лицензиядан айыру және уақытша әкімшілікті тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап кепілдендірілген төлемдерді жүзеге асыру бойынша міндеттемелер жүктейтінін көздейтін өзгерістер енгізілді. Енді тұтынушыларға сақтандыру ұйымын тарату туралы сот шешімін күтудің қажеті жоқ.

Мысалы, сіз МБЖЖ немесе зейнетақы аннуитеті шеңберінде сақтандыру өнімін мемлекет субсидиясымен сатып алдыңыз, бірақ шарттың қолданылу мерзімі ішінде сақтандыру ұйымы таратылды. Алаңдаудың қажеті жоқ, өйткені жаңа сақтандырушы таңдалғанға дейін сақтандыру ұйымының аталған сақтандыру түрі бойынша міндеттемелері ауысатын СТКҚ сіздің алдыңызда өз міндеттемелерін орындайды.

Мұндай жағдайларға Қордың сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру бойынша арнайы резервтері бар. Сақтандыру қызметтерін тұтынушыларға кепілдендірілген төлемдердің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін сақтандыру ұйымының лицензиясынан айырылған жағдайда сақтандыру портфелін беру Қор активтері есебінен жүзеге асырылады.

Тағы нені білген жөн?

Сондай-ақ, Қор сақтандыру ұйымы таратылған жағдайда ғана емес, сонымен қатар ЖКО бойынша кінәлі тарап анықталмаған немесе оқиға орнынан қашып кеткен кезде жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына ауыр зиян келтірілген кезде де төлем жүргізеді.

Бұл ретте Қорға жүгіну бойынша бұрын қолданыста болған талаптар оқиға болған сәттен бастап бір жыл ішінде, сондай-ақ денсаулыққа ауыр зиян келтірілген кезде ғана төлемді жүзеге асыру алып тасталды.

Қор моральдық залалды, жіберіп алған пайданы, сақтандыру шарты бойынша айыпақыны және бұрын мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымынан сот тәртібімен өндіріп алынған өзге де шығыстарды өтемейтінін есте ұстаған жөн.

Осылайша, сақтандыру нарығында «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ сияқты институттың болуы тұтынушыға кез келген тәуекелдерден, оның ішінде сақтандыру ұйымы лицензиясынан айырған жағдайда өзін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік береді.

Қордың қызметімен толығырақ сайтынан танысуға болады.


Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге