Халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасының іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қызметтердің нақты қолжетімділігін арттыруға бағытталған шараларды әзірледі.
Қаржылық инклюзияны қамтамасыз ету үшін 2020 жылы Қайрат Иманәлиев атындағы Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комиссиямен бірлесіп Агенттік жанынан арнайы Жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобының ұсыныстары негізінде Қаржылық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар қабылданды. Жұмыс тобының ұсынымдарын орындау үшін банктер бөлімшелердің техникалық инфрақұрылымын жаңғырту, сайттар мен мобильдік қосымшаларды бейімдеу, осы санаттағы адамдармен жұмыс істеу бойынша білікті қызметкерлерді даярлау жөніндегі жеке жоспарларды іске асыруда. Мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым ішінара қамтамасыз етілген республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында банктердің 204 бөлімшесінің «Қолжетімділік картасы» жасалды.
Нақты қолжетімділікті қамтамасыз ету және кедергісіз орта құру жөніндегі шараларды күшейту үшін Агенттік инфрақұрылымы мүгедектігі бар адамдар үшін барынша бейімделген банктер бөлімшелеріне мониторинг жүргізді. Екінші деңгейдегі үш банктегі мониторинг нәтижелері бойынша инфрақұрылым мүгедектігі бар барлық адамдар санаттарының қажеттіліктеріне жауап береді.
Мәселен, «Bereke bank» АҚ-тың №111 «Нұрлытау» (Алматы қ., Әл-Фараби д-лы, 13/1-үй) және «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың №0502 (Алматы қ., Тимирязев к-сі, 42) бөлімшелерінде мүгедектігі бар адамдар үшін толық және кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етілген. Олар қозғалыс жолдарының тактильді белгілерімен, дыбыстық маякпен, тұтқалармен, көлбеу көтергішпен жабдықталған. Бөлімшенің жанында «Мүгедек» белгісі бар тұрақ орындары бар. Бөлімшеге кіре берісінде көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған дербес шақыру түймесі және мнемосхема орнатылған. Кіре беріс соққыға төзімді материалдан жасалған, есіктерде нашар көретіндерге арналған сары түсті белгілер бар.
Мүгедектігі бар адамдар бөлімшенің ішінде емін-еркін жүре алады, онда шығыңқы табалдырықтар жоқ. Пандустарды орнату мүмкін емес бөлімшелерде шынжыр табанды көтергіштер бар. Сондай-ақ бөлімшелерде мүгедектігі бар адамдарға бейімделген дәретхана бөлмесі қарастырылған, оған дейінгі қозғалыс жолы тактильді белгілермен жасалған.
Банктің операциялық бөлімінің қызметкерлері мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету бойынша оқудан өткен және осындай клиенттерге жағдайына қарай көмек көрсетуге дайын.
Электрондық кезек жүйесінде есту қабілеті және көру қабілеті нашар клиенттерге бейімделген дыбыстық сүйемелдеу бар. Бөлімшеде мүгедектігі бар адамдарға арналған, техникалық нормаларға сәйкес келетін мамандандырылған касса бар.
Аталған банктердің бөлімшелері 2023 жылы нашар көретін және нашар еститін клиенттер үшін Брайль шрифті мен дауыстық сүйемелдеуі бар, арбаға таңылған адамдарға бейімделген банкоматтарды қажетті биіктікте орнатуды жоспарлап отыр.
Алматы қаласындағы «Kaspi Bank» АҚ-тың Тимирязев көшесі, 40 мекенжайында орналасқан бөлімшесінің кіру тобы шақыру батырмасымен, соққыға төзімді шыныдан жасалған мнемосхемамен, дыбыстық маякпен жабдықталған. Мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығуына қолайлы болу үшін пандус орнатудың мүмкін болмауына байланысты бөлімшеде «Барс» шынжыр табанды көтергіштері орнатылған, бұл «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25-бабына сәйкес келеді.
Бөлімшенің ішінде сурдо онлайн аударма және есту қабілеті шектеулі адамдарға арналған арнайы планшеттер бар. Банк картасын алуға мүмкіндігі жоқ арбаға таңылған мүгедектер үшін картоматтарда эмбоссерлер (картаға бедерлі таңбаларды салуға арналған электрондық-механикалық құрылғы) орнатылған.
Арбаға таңылған мүгедектерге кассалық қызмет көрсету үшін шынжыр табанды көтергіш пайдаланылады, арбамен кіруге ыңғайлы аумақтың биіктігі мен диаметріндегі сәйкес келетін банкоматпен жабдықталған. Зағип және нашар көретін клиенттер үшін «Kaspi Gold-ты толықтыру», «Kaspi Gold-тан алу», «Басқа банктің картасынан алу» сияқты операцияларды құлаққапқа арналған ұяшыққа қосыла отырып пин-пернетақта арқылы басқарылатын бағдарламалық дауыстық қызметі қосылған.
Банк деректері бойынша 2022 жылы МБА-ға тиісті жағдайлар жасау жұмыстарын жүргізуге болмайтын бөлімшелер жабылды.
2023 жылға банк нашар көретін және зағип адамдар үшін тактильді жүру жолдарын және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектер үшін лифт орнатуды жоспарлап отыр.
2024 жылға Агенттік Қазақстанның барлық өңірлерінде мүгедектігі бар адамдардың әрбір санатының қажеттіліктеріне сәйкес банктердің мамандандырылған бөлімшелерін құруды көздейтін қаржылық инклюзияны ілгерілету бойынша қосымша шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Агенттік 2023 жылы Сауда және интеграция министрлігі жанындағы Қазақстан стандарттау және метрология институтымен бірлесіп мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қызметтердің нақты және ақпараттық қолжетімділігі бойынша бірыңғай талаптарды қамтамасыз ететін Әлеуметтік стандартты әзірлеуді жоспарлауда. 2022 жылғы қазанда Агенттіктің стандартты әзірлеуге берген өтінімін Қазақстан стандарттау және метрология институты қабылдады.
2022 жылы мүгедектігі бар адамдар мен қарт адамдарды алаяқтық операциялардан қорғау мақсатында Агенттік қаржы ұйымдары үшін қызметті қашықтан алу кезінде қаржылық шығындар тәуекелдерін азайтуға бағытталған әдістемелік ұсынымдар әзірледі.
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт