Борыштық жүктеме коэффициенті: бұл не

time 11.08.2021

Егер ай сайын кредитті өтеуге сіздің жалақыңыздың жартысынан көбі кететін болса, сізге кредит берілмейді. Бұл жағдайда қарыз жүктемесінің коэффициенті сіз үшін жоғары болып саналады. Бұл көрсеткіштің қалай есептелетіні жөнінде сізге Fingramota.kz айтып береді.

Борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) – бұл қарыз алушының барлық өтелмеген кредиттері мен қарыздары бойынша төлемдердің оның ай сайынғы кірістеріне арақатынасы. Банктерде және микроқаржы ұйымдарында кредит ресімдейтін азаматтар үшін ол 50% - ды құрайды. Яғни, ай сайынғы төлем қарыз алушының ресми табысының жартысынан аспауға тиіс. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, азаматтардың кредит алу мүмкіндігі соғұрлым төмен болады және шамалы қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда олар қарыз құрсауынан шыға алмаулары мүмкін.

Қарыз алушының БЖК барлық өтелмеген микрокредиттер, банктік қарыздар бойынша кешіктірілген сомалар мен қарыз алушының жаңа берешегі бойынша орташа ай сайынғы төлем сомасын қоса алғанда, қарыз алушының барлық өтелмеген микрокредиттері, банктік қарыздары бойынша ай сайынғы төлем сомасының қарыз алушының соңғы алты айдағы орташа кірісіне қатынасы ретінде есептеледі.

Тексерудің екі кезеңі

Кредиттік ұйымдар БЖК-ны өз тәуекелдерін бағалау үшін есептейді. Жоғары көрсеткіші бар қарыз алушылардың өз қарыздарын төлей алулары екі талай, ал бұл бірде бір кредитор үшін тиімді емес.

Кредиторлар қарыз алушының төлем қабілеттілігін және БЖК-ны екі кезеңмен есептейді. Бірінші кезеңде - банктер немесе микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) қарыз алушының кредитті өтеуге қабілеттілігін және оны төлеу кезеңінде қалған ақшасының өз мұқтажы мен отбасының мұқтажын қанағаттандыру үшін қаншалықты жеткілікті болатынын бағалайды. Кредит бойынша ай сайынғы төлемнен кейін қалатын ақша бір ересек адамға ең төменгі күнкөріс сомасынан аз емес және әрбір кәмелетке толмаған адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысы мөлшерінде болуы тиіс. Мәлімет үшін - 2021 жылда Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңгені құрады.


Ресми кіріспен қатар, кредиттік ұйымдар сондай-ақ мыналарды ескереді:

- дебеттік карта бойынша толықтырудың не шығыстардың орташа айлық сомасы;

- депозиттегі және/немесе ағымдағы шоттағы қалдықтар сомасы (алу және толықтыру ескеріледі);

- жабық банктік қарыздар және микрокредиттер бойынша ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы;

- коммуналдық қызметтер бойынша шығыстардың орташа айлық сомасы;

- шетелге сатып алынған билеттің құны;

- интернет-дүкендердегі сатып алулардың орташа айлық сомасы;

- меншігінде кредит құнынан асатын орташа нарықтық құны бар автокөлік құралының және (немесе) жылжымайтын мүліктің болуы;

- жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдаудан түсетін орташа айлық табыс;

- табысты растаудың басқа көздері.

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы-қарыз алушының төлем қабілеттілігін есептеу кезінде ресми табыстың мөлшері ғана ескеріледі.

Екінші кезеңде банктер мен МҚҰ қарыз алушының несие тарихын және қолданыстағы басқа кредиттердің болуын тексереді. Кредиторлар БЖК-ны тексереді және қарыз бен ай сайынғы төлемнің ең жоғары мүмкін сомасын анықтайды. Қарыз алушыда қолданыстағы кредиттердің болуы кепілсіз жаңа тұтыну кредитін беру туралы оң шешім алуға әсер етуі мүмкін.

Мысалмен қарастырайық

4 адамнан тұратын отбасы (2 ересек адам және 2 бала) жаңа кір жуғыш машина сатып алуды және оны 1 жылға жылдық 22%-бен 300 000 теңге сомаға кепілсіз кредит ресімдеуге шешім қабылдады.

Бірінші кезеңде банк олардың төлем қабілеттілігін бағалайды.

Бұл отбасы үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 68 604 теңгені құрайды (тек бір ересек адам және 2 кәмелетке толмаған бала есепке алынады). Яғни 34 302 теңге (бір ересек адам) +2*34 302/2 (екі бала) = 68 604 теңге.

Егер ресми және ең бастысы расталған кіріс көп болса, онда тексерудің бірінші кезеңінде ешқандай мәселе туындамайды.

Екінші кезеңде тікелей БЖК есептеледі. Отбасының оң кредиттік тарихы бар және басқа кредиттері жоқ делік.

Тоңазытқышқа берілетін кредит бойынша ай сайынғы ең төменгі төлем 28 078 теңгені құрайды (300 000 теңге, 1 жыл, пайыздық мөлшерлеме – 22%).

Қарыз алушының (кредит ресімдейтін ересектердің бірінің) кірісі
100 000 теңгені құрайды делік, бұл қазірдің өзінде 1-кезеңнен өткенін көрсетеді, өйткені осы отбасы үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 68 604 теңгені құрайды.

Қалған 37 696 теңге сома 28 078 теңге ай сайынғы төлеммен кредитке қызмет көрсету үшін жеткілікті болады. Тиісінше екінші кезеңнен сәтті өтті және сатып алу рәсімделуі мүмкін.

Өзге жағдайды қарастырайық. 100 000 теңге кіріс тауып, бұл отбасы осыған дейін бөліп төлеу арқылы сатып алынған төсек-орын үшін ай сайын
10 000 теңгеден төлейді. Сонда шығатыны: 100 000 – 68 604 – 10 000 = 21 396 теңге. Яғни, ең жоғарғы ай сайынғы төлем 21 396 теңгеден аспауы тиіс. Сондықтан, ай сайынғы 28 078 теңге төлеммен қаржы ұйымы мұндай кредит беруге құқылы емес. Алайда, ай сайынғы төлемді қолайлы сомаға қысқарту үшін кредит мерзімін ұлғайтуға болады. Бірақ, бұл жағдайда артық төлем ұлғайып кетеді, өйткені сіз кредитті пайдаланғаныңыз үшін пайыз төлейтін боласыз. Сондықтан, мерзім көп болған сайын, артық төлем де көп болады.

Кредитті мақұлдау үшін барлық кезеңдерден өту мақсатында сізге өзіңіздің барлық міндеттемелеріңіз бойынша кірістеріңіз бен шығыстарыңызды алдын ала тұрақтандыру қажет: керек емес кредит карталарын жабу, лимитті азайту, ұсақ қарыздарды өтеу және т.с.с. Егер БЖК сіз үшін жоғары болып қалатын болса, қосалқы қарыз алушыны немесе кепілгерді тартуға болады, бұл сіздің кредит алуға деген мүмкіндіктеріңізді арттыра алады. Алайда кредиттік жауапкершілікті есіңізде сақтаңыз, жаңа кредитке күшіңіз жете ме, отбасылық бюджетке залал келтірмей өз міндеттемелеріңізді мерзімінде өтей аласыз ба.

Fingramota.kz-пен бірге өз қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге