Онлайн-алаяқтар күн сайын алдау әдістерін жетілдіріп жатыр, егер бұрын, цифрландыруға дейінгі кезеңде, олардың әдістері қарапайым болса, қазір олар соңғы технологияларды – нейрондық желілерді, виртуалды нөмірлерді, танымал банктердің сайттары мен қызметтерінің имитациясын қолдануда. Жаңа технология пайда болғаннан кейін көп ұзамай қаскүнемдер оны өз мақсатында пайдаланатыны сөзсіз.
Бүгінгі күнде, интернет-алаяқтықтың ең кең тараған түрі фишинг деп аталады. Жыл сайын фишинг әдістері одан әрі жетілдіріліп келеді, бірақ оның басты мақсаты өзгеріссіз қалады – азаматтардың жеке және банк деректерін алу.
Фишерлер белгілі бір компанияның сайтын жасап, оның атынан хабарламалар, сілтемелер жіберіп, қандай да бір жобаға қаржы салуды немесе мұқтаж жандарға көмек көрсетуді сұрай алады. Азаматтар осыған сеніп, өздерінің жеке деректерін, оның ішінде банк картасы және шот туралы ақпараттарын береді.
Телефонияның дамуымен вишинг пайда болды, мұнда алаяқтар телефон арқылы байланысқа шығады. Схемалардың бірі – SIP-телефонияны қолдану, ол компаниялар немесе қарапайым азаматтардың нөмірлерін қайталауға және солардың атынан құпия төлем ақпаратын беруді сұрауға мүмкіндік береді.
Интернет алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керек?
Бұл орайда, ең алдымен, ешқашан жеке деректеріңізді, соның ішінде банк реквизиттерін интернет немесе телефон арқылы бермеңіз. Тіпті сізге таныс нөмірден қоңырау шалса да, басқа жақта кімнің шын мәнінде отырғанын әрдайым тексеріңіз. Банк және басқа қаржы ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ салық органдары, ҰҚК сізден SMS-тен кодтарды немесе басқа құпия деректерді сұрамайды және сізден күмәнді мобильді қосымшаны жүктеуді өтінбейді.
Сондай-ақ телефонға екі факторлы аутентификация бағдарламаларын орнату және мессенджерлерде, әсіресе WhatsApp-та қосылған құрылғыларды үнемі тексеріп тұру ұсынылады.
Күмәнді хабарламалардан немесе хаттардан сілтемелерге ешқашан өтпеу керек. Алаяқтар жиі ірі компаниялардың сайттары мен қосымшаларын қолдан жасайды. Егер күмәндансаңыз, әрдайым ұйымның ресми сайтында көрсетілген нөмір бойынша өзіңіз қоңырау шалыңыз.
Тағы бір маңызды ереже – жеке деректеріңізге мұқият қарау. Құжаттарыңыздың немесе банктік карталарыңыздың фотосуреттерін мессенджерлер арқылы ешқашан жібермеңіз. Туыстар мен жақын достар арасында да деректердің таралу қаупі болуы мүмкін.
Ақпарат көздерін тексеріңіз, әсіресе ол қаржылық операцияларыңызға қатысты болса. Егер сізден құпия деректерді беру сұралса, әңгімені тоқтатып, ақшамен байланысты бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Антивирустық бағдарламаларды ұмытпаңыз. Осы шаралардың барлығы қарапайым, бірақ деректеріңізді қорғауда өте тиімді.
Цифрлық гигиена дегеніміз не?
Спеарфишинг: алаяқтардың аңдығаны кімдер?
Еурохаттама – бір жылдағы жұмыс нәтижелері
Салықтық шегерімдер дегеніміз не және оның көмегімен қалай үнемдеуге болады?
Кредит берушімен байланыста болу – проблемалық берешекті қалай реттеуге болады
Микроқаржы омбудсманы: ол қандай мәселелерді қарайтын болады