Fingramota.kz депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі туралы ең өзекті сұрақ-жауаптар топтамасын сіздердің назарыңызға ұсынады.
Шетел азаматы болып табылатын салымшының депозиттеріне кепілдік беріле ме?
Кепілдік өтемді төлеу салымшының азаматтығына қарамастан, Қазақстан банктерінде және шетелдік банктердің филиалдарында орналастырылған салымдар бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте ислам банктерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында ашылған шетелдік ислам банктерінің филиалдарында орналастырылған депозиттерге «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-та (бұдан әрі – ҚДКҚ) кепілдік берілмейтінін есте ұстаған жөн.
Ең қолайлы депозитті қалай таңдауға болады, олардың айырмашылығы неде?
Бүгінгі күні банктердің депозиттік желісі депозиттердің мынадай түрлерін ұсынады:
1) теңгемен жинақ депозиті – белгілі бір мерзімге ашылатын және мерзімінен бұрын алу бойынша бірқатар шектеулері бар кепілдік сомасы жоғары депозиттің ерекше түрі. Жинақ депозиті бойынша ақшаны ішінара алуға рұқсат етілмейді. Салымның барлық сомасын мерзімінен бұрын алып қоюға болады, бірақ бұл жағдайда салымшы өзінің ниеті туралы Банкті күнтізбелік 30 күн бұрын хабардар етуге тиіс, ал сыйақы талап етілгенге дейінгі депозит мөлшерлемесі бойынша төленетін болады, яғни 0,1%-дан аспайды;
2) теңгемен мерзімді депозит – мерзімінен бұрын алып қойғаны үшін сыйақының бір бөлігін жоғалтатын, белгілі бір мерзімге ашылатын депозит.
Жинақ немесе мерзімді депозиттер қомақты мөлшерде зат сатып алу үшін ақша жинайтын немесе олардың жоғары кірістілігіне байланысты ұзақ мерзімді мақсаттарға ақша жинайтын салымшылар үшін қолайлы. Салымшы салымды ашатын мерзімге оған бұл ақша қажет болмайтынына сенімді болуы керек;
3) теңгемен мерзімді емес депозит – сыйақыны жоғалтпай (төмендетілмейтін қалдық шегінде) кез келген ыңғайлы уақытта толықтыруға және алуға болатын мобильді депозит. Ол бойынша сыйақы мөлшерлемесі көбінесе салым мерзіміне байланысты емес. Егер сіз күтпеген шығыстар үшін қаржылық «қауіпсіздік жастықшасын» жасағыңыз келсе, бұл депозит ыңғайлы, бірақ сонымен бірге кез келген уақытта ақша алу мүмкіндігі маңызды;
4) шетел валютасымен депозит – шетел валютасында ашылады және депозиттердің барлық түрлерінің ішінде ең төменгі кірістілікке ие. Егер сіздің шетел валютасында кірісіңіз болса, мысалы, демалысқа немесе шетелде оқуға ақша жинасаңыз, осындай депозит ыңғайлы болады.
Жеке тұлғалардың депозиттеріне қандай мөлшерде кепілдік беріледі?
ҚДКҚ салымшыда түрлері мен валютасы бойынша әр түрлі бірнеше депозиті, оның ішінде теңгедегі жинақ салымы болған кезде депозиттің әрбір түрі бойынша жеке белгіленген кепілдік өтемнің ең жоғары мөлшері шегінде, бірақ жиынтығында 20 миллион теңгеден аспайтын мөлшерде депозиттер бойынша өтемақы жүргізеді.
Депозиттер түрі бойынша белгіленген кепілдіктің ең жоғары сомасы:
• ұлттық валютамен жинақ салымдары (депозиттері) бойынша 20 миллион теңгені;
• теңгемен депозиттердің басқа түрлері бойынша, оның ішінде карточкалар мен шоттар бойынша 10 миллион теңгені;
• шетел валютасындағы карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша 5 миллион теңгені (қатысушы банкті лицензиядан айыру күніне белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша баламада) құрайды.
Кепілдік берілген өтемнің ең жоғары сомасынан асатын депозиттің қалдығын салымшы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген кезектілік тәртібімен банктің тарату комиссиясынан алуға құқылы.
Осылайша, мысалы, қатысушы банк барлық банктік операцияларды жүргізуге лицензиясынан айырылған жағдайда:
1) есептелген сыйақы сомасын қоса алғанда, қатысушы банкте орналастырылған 25 миллион теңге мөлшеріндегі теңгемен жинақ салымына ҚДКҚ-ның тек 20 миллион теңге сомасындағы кепілдігі (яғни, депозиттің осы түрі бойынша белгіленген кепілдіктің ең жоғары сомасына) берілетін болады. 20 миллион теңгеден асатын қалған бөлігіне, яғни 5 миллион теңгеге ҚДКҚ кепілдік бермейді. Бұл сома кезек тәртібімен банктің тарату комиссиясынан алынуы мүмкін;
2) ол бойынша есептелген сыйақы сомасын қоса алғанда, теңгемен мерзімсіз депозитке барлық сомаға жиынтығында 10 миллион теңге мөлшерінде ҚДКҚ-ның кепілдігі беріледі, өйткені ол салымның осы санаты бойынша ҚДКҚ өтей алатын сома шегінде болады;
3) АҚШ долларымен карточкалық шоттағы 8 миллион теңге мөлшердегі қалдыққа (қатысушы банкті лицензиядан айыру күніне нарықтық бағам бойынша) ҚДКҚ-ның кепілдігі тек 5 миллион теңге мөлшердегі сомаға яғни депозиттің осы түрі бойынша белгіленген кепілдіктің ең жоғары сомасына) беріледі. Қалған 3 миллион теңгеге ҚДКҚ-ның кепілдігі берілмейді. Бұл сома банктің тарату комиссиясынан кезек тәртібімен алынуы мүмкін;
4) егер салымшы бір банкте жоғарыда 1-3-тармақта атап көрсетілген барлық депозиттердің иесі болып табылса, онда кепілдіктің жиынтық сомасы тек 20 миллион теңгені құрайды. Қалған сома кезек тәртібімен банктің тарату комиссиясынан алынуы мүмкін.
ҚДКҚ кепілдіктері қандай қаржы құралдарына қолданылады?
ҚДКҚ кепілдіктері мыналарға:
• салымдар (депозиттер), олардың ішінде талап етілгенге дейінгі депозиттер, шартты депозиттер, тұрғын үй құрылыс жинақ ақша жүйесіндегі салымдар мен мемлекет тарапынан сыйлықақы берілетін AQYL білім беру салымдары;
• салымдар (депозиттер) бойынша сыйақылар, олардың ішінде капиталдандырылған және қатысушы банкті барлық банктік операцияларын жүргізуге лицензиясынан айыру күніне есептелген сыйақылар;
• ағымдағы шоттардағы және төлем карточкаларындағы ақшаларға қолданылады.
ҚДКҚ кепілдіктері мыналарға:
• жеке тұлғалардың металл шоттары;
• банк ұяшықтарына орналастырылған ақшалар мен құнды заттар;
• депозиттік сертификаттар;
• заңды тұлғалардың депозиттері;
• ислам банктерінде, оның ішінде шетелдік ислам банктерінің Қазақстан аумағында ашылған филиалдарында орналасқан депозиттерге қолданылмайды.
ҚДКҚ-ның ең жоғары (шекті) мөлшерлемелері дегеніміз не?
ҚДКҚ өзінің ресми сайтында ай сайын ұсынымдық сипаттағы жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары (шекті) сыйақы мөлшерлемелерді есептейді және жариялап тұрады.
Бұл мөлшерлемелер банктердің депозиттік өнімдер бойынша мөлшерлемелер белгілеген кезде олар үшін бағдар ретінде қызмет етеді, алайда жоғарғы шекті ескере отырып, банктер өздерінің депозиттік өнімдері бойынша мөлшерлемелерді қайта қарау туралы шешімді банк ішкі депозиттік саясатқа және банкті қаржыландыру қажеттілігіне қарай дербес қабылдайды.
Жаңа мөлшерлемелердің бұрын ашылған салымдарға әсері қандай?
Мөлшерлемелер бойынша жаңа талаптар олар бекітілген сәттен бастап күшіне енеді және осы өзгеріс енгізілгеннен кейін ашылған депозиттерге қолданылады. Мысалы, Сіз банкте белгілі бір мөлшерлеме бойынша депозит (салым) аштыңыз. Біршама уақыттан соң ҚДКҚ шекті мөлшерлемені өзгерткеннен кейін сіздің банк осы депозит бойынша мөлшерлемені қайта қарады. Нәтижесінде, банк сіздің депозитіңіз бойынша мөлшерлемені салым шартында көрсетілген мөлшерде және салымның мерзімі аяқталғанша немесе келесі мерзімге ұзартылғанша (салым шартында көзделсе) төлеуін жалғастырады, ал жаңадан ашылған барлық депозиттер бойынша банк мөлшерлеме өзгерген сәттен бастап жаңа мөлшерлеме белгілейді.
Автоматты түрде ұзарту дегеніміз не?
Бұл депозитті салымшының қатысуын талап етпейтін автоматты түрде ұзарту. Ұзарту мүмкіндігі, ең көп ұзарту саны сияқты – мысалы, бір, үш немесе бес рет ұзарту банктік салым шартында көзделеді. Шарт мерзімі аяқталуға жақындағанда банк талап етілмеген депозитті ол бастапқыда ашылған мерзімге қайта ұзартады. Егер шартта ұзарту көзделмеген немесе депозит барынша көп рет ұзартылған болса, онда депозиттің мерзімі аяқталғаннан кейін банк ақшаны банктік салым шартында көрсетілген шотқа автоматты түрде аударады.
Бұл ретте, ұзарту кезінде сыйақы мөлшерлемесі де өзгеруі мүмкін. Егер қазіргі сәтте банк депозитті неғұрлым жоғары немесе төмен пайызбен қабылдаған болса, онда ұзарту кезінде сіздің депозитіңіз бойынша сыйақы мөлшерлемесі де өзгеруі мүмкін.
Сыйақы мөлшерлемелерін капиталдандыру дегеніміз не?
Капиталдандыру – есептелген пайыздың депозиттің сомасына қосылуы. Ал келесі айда сыйақы, банк өткен ай үшін есептеген пайызды қоса алғанда, бүкіл сомаға есептеледі.
Капиталдандырылған салымдарда жинақтар тезірек өседі. Мысалы, ай сайынғы капиталдандыруы бар салымдар бойынша: банк ағымдағы айда есептелген пайыздарды салым сомасына қосады, ал келесі айда пайыздар ұлғайтылған сомаға есептелетін болады. Осылайша, ай сайын. Мысалы, күнделікті, ай сайынғы немесе тоқсандық капиталдандыру болады. Капиталдандырылған салымның түпкілікті кірістілігі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінде (ЖТСМ) көрсетіледі – егер сіз пайыздарды алмасаңыз, банк салым сомасына сонша есептейді.
Кейбір салымшылар пайыздары шотқа немесе карточкаға түсіп отыратын депозиттерді таңдайды. Капиталданбайтын салымның кірістілігі номиналды сыйақы мөлшерлемесі ретінде белгіленеді. Мысалы, егер сізге пайызы ай сайын карточкаңызға түсіп отыратын салым керек болса, банк сайтынан номиналды мөлшерлемені іздеп тауып, оны салым сомасына көбейтіп, 12-ге (айға) бөліңіз – әр айдың соңында осындай сомаға қол жеткізе аласыз. Егер депозитіңізді толықтырғыңыз келсе, болашақ пайыздық төлемдерді есептеу үшін банк сайтындағы калькуляторды пайдаланыңыз.
Қандай банктер депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады?
Барлық екінші деңгейдегі банктер, оның ішінде Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын және депозиттерді қабылдауға, жеке тұлғалардың шоттарын ашуға және жүргізуге уәкілетті органның лицензиясы бар ҚР бейрезидент-банктерінің филиалдары депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады. Ислам банктері, сондай-ақ Қазақстан аумағында ашылған шетелдік ислам банктерінің филиалдары кірмейді.
ҚДКҚ салымшыларға кепілдікті өтемді қандай жағдайда төлейді?
ҚДКҚ депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктің салымшыларына ол барлық банктік операцияларды жүргізуге лицензиясынан айырылған жағдайда кепілдікті өтем төлейді. Кепілдікті өтемді төлеуді ҚДКҚ және лицензиясынан айырылған банк салымшыларына кепілдікті өтемді төлеу мақсаттары үшін ҚДКҚ таңдайтын агент банк – жұмыс істеп тұрған банк жүзеге асырады.
Қатысушы банкті барлық банктік операцияларды жүргізуге лицензиядан айыру күніне есептелген депозиттер бойынша сыйақы да кепілдіктің ең жоғары сомасы шегінде ҚДКҚ кепілдігіне жатады.
Банкті лицензиясынан айыру туралы шешімді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаьылдайды. Ресми ақпарат көзі – Агенттік және ҚДКҚ сайттары.
Егер депозиттер әр түрлі банктерде орналастырылған болса, оларға қалай кепілдік беріледі?
Әртүрлі қатысушы банктерде орналастырылған депозиттерге, әрбір қатысушы банк бойынша белгіленген кепілдікті өтемақы мөлшері шегінде жеке-жеке кепілдік беріледі.
Кепілдікті өтемді қандай агент банк төлейтіндігін қалай білуге болады?
ҚДКҚ депозиттеріне міндетті кепілдік беру туралы заңға сәйкес банк лицензиядан айырылған күннен бастап 30 жұмыс күнінен кешіктірмей төлемді жүзеге асыратын агент банктердің тізбесін көрсете отырып, кепілдікті өтемді төлеу басталған күн туралы агент банк салымшыларын хабардар етеді. Агент банк кепілдікті өтем төлеуді жүзеге асыру үшін тұрақты негізде бекітілетін агент банктердің алдын ала тізбесінен таңдалады.
Кепілдікті өтемді төлеу банк лицензиядан айырылғаннан кейін 35 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады.
Депозиттер бойынша кепілдікті өтем қандай валютада төленеді?
Кепілдікті депозиттер бойынша кепілді өтем Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгеде жүзеге асырылады.
Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдікті өтемді есептеу үшін банк барлық банктік операцияларды жүзеге асыру лицензиясынан айырылған күнге белгіленген нарықтық айырбас бағамы пайдаланылады.
Кепілдікті өтемді алуға қандай мерзім ішінде жүгіну қажет?
Салымшы кепілдікті өтемді алуға өтінішті депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы Заңға сәйкес төлем басталған күннен бастап, 1 жыл ішінде бере алады. Кепілдікті өтемді төлеуге өтініш ҚДКҚ-ға электрондық нысанда беріледі. Ал агент банкке өтінішті салымшылардың өздері және өтініш берушілер (құқық иеленушілер) қағаз жүзінде тапсырады.
Төлем ҚДКҚ немесе агент банк салымшыдан өтініш пен растайтын құжаттарды алған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жүргізіледі. Сондай-ақ, салымшы ҚДКҚ сайтында қажетті ақпаратпен өз бетінше таныса алады: кепілдікті өтем алу үшін құжаттар тізбесі.
Егер салымшы өтемақы алуға өтініш беру мерзімін өткізіп алса өтемақы сомасы қайда кетеді?
Төлем мерзімі аяқталғаннан кейін кепілдік өтемақысының талап етілмеген сомасы салымшының жеке зейнетақы шотына оның ерікті зейнетақы жарналары түрінде есептеледі. Бұл ретте талап етілмеген кепілдік өтемақы сомасын БЖЗҚ-ға аудару үшін салымшының келісімі талап етілмейді.
Аударым салымшы бойынша деректерді БЖЗҚ-мен салыстыру нәтижелері бойынша төлем мерзімі аяқталған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады. Бұл норма Депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңда көзделген. ҚДКҚ өз тарапынан кепілдік берілген өтемақы төлеу мерзімі аяқталғанға дейін 30 жұмыс күні бұрын салымшыларды БАҚ, баспа басылымдары, өз сайты арқылы төлемдерді аяқтау күні және талап етілмеген соманы БЖЗҚ-ға аудару туралы хабардар етеді.
Егер кепілдік өтемақының талап етілмеген сомасы БЖЗҚ-ға аударылған болса, оған инвестициялық кіріс есептеле ма және оған басқа зейнетақы жинақтары сияқты салық салынатын бола ма?
Иә, инвестициялық кіріс салымшының талап етілмеген сомасына есептеледі. Бұл ретте кепілдік өтемақысының талап етілмеген сомасы салымшының ерікті зейнетақы жарнасы деп танылады және салық салудан (есептелген инвестициялық кірісті қоспағанда) босатылады. Есептеу туралы ақпаратты БЖЗҚ сайты және мобильді қосымшасы (салымшының (алушының) жеке кабинеті), eGov сайты арқылы, сондай-ақ БЖЗҚ call-орталығына 1418 нөмірі бойынша қоңырау шалу арқылы алуға болады
Қандай жағдайларда салымшы кепілдікті өтемақы төлеу және кепілдікті өтемақы сомасын БЖЗҚ-ға аудару мерзімі өткеннен кейін кепілдікті өтемақы алуға өтініш бере алады?
Салымшыда дәлелді себеп – кепілдікті өтемақы төлеу мерзімі ішінде оларға өтініш беруге кедергі келтіретін жағдайлардың бірі болған жағдайда.
Осындай жағдайларға (дәлелді себептерге) мыналар жатады:
1) салымшының кепілдікті өтемақы төлеу мерзімі кезеңінде әскери қызметке түсуі;
2) Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуы;
3) салымшының мұрасын қабылдау және мұраға ие болуға немесе оны ашуға байланысты өзге де себептер;
4) салымшының бас бостандығынан айыру орындарында болуы; және
5) сот белгілеген өзге де жағдайлар.
Осы тізбе Депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңда айқындалған.
Салымшы кепілдікті өтемақы төлеуге өтінішті төлем мерзімі өткеннен кейін ҚДКҚ-ға қағаз тасымалдағышта беріледі, оған төлем мерзімі ішінде өтініш беруге кедергі келтірген жағдайдың біреуінің болуын растайтын құжаттар ұсынады. Дәлелді себептермен кепілдікті өтемақы төлеуге өтініш беруге болады:
1) банк бойынша тарату процесі толық аяқталғанға дейін (яғни, банкті мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген күнге дейін);
2) салымшының Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес ерікті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы басталғанға дейін (егер төлем мерзімі өткеннен кейін ол талап етпеген өтемақы сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда).
Егер салымшының талап етілмеген сомасы оның БЖЗҚ-дағы шотына аударылса және оған инвестициялық кіріс есептелсе, бұл ретте салымшы дәлелді себеппен өтемақы алу үшін ҚДКҚ-ға жүгінсе, салымшы ҚДКҚ-дан қандай сома алады?
Салымшыға инвестициялық кіріссіз депозиторлар тізілімінің деректеріне сәйкес кепілдікті өтемақы сомасы ғана төленетін болады.
Егер салымшының төлем мерзімі аяқталғаннан кейін кепілдікті өтемақы алуға өтініш білдіруге дәлелді себебі болмаса, бірақ оның ақшасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, салымшы БЖЗҚ-дан ақшаны қашан ала алады?
Аталған жағдайда салымшы Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда көзделген тәртіппен және мерзімдерде ақша алады. Осылайша ерікті зейнетақы жарналары есебінен мына тұлғалар БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға құқылы:
50 жасқа жеткен;
мүгедектігі бар адамдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетін немесе фактісін растайтын құжаттарды ұсынған, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
4) ерікті зейнетақы жарнасы және оларға кемінде бес жыл бойы есептелген инвестициялық кіріс сомасы шегінде зейнетақы жинағы бар.
Кепілдікті өтемақы төлеу, төлемдердің басталу және аяқталу мерзімдері, агент-банктер, депозиттерге кепілдік беру жүйесі бойынша дәлелді себептер тізбесі және өзге де мәселелер туралы ақпаратты қалай алуға болады?
Ақпаратты ҚДКҚ-дан 1460 тегін қысқа нөмірі бойынша, www.kdif.kz сайтында алуға болады, сондай-ақ info@kdif.kz электрондық поштасы арқылы сұрату жіберуге немесе @kdif_ask телеграм-чатына сауал жіберуге болады.
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Квишинг: алаяқтар казақстандықтардың гаджеттеріне қалай шабуыл жасайды