«Көгілдір фишкалар» терминімен инвестициялауды енді бастаған инвесторлар, әдетте, қор биржасында сауда-саттыққа кіріскен кезде танысады. Бұл дәстүр бойынша бағалы қағаздарды сатып алушылар арасындағы ең құнды акциялар болып табылады.
Fingramota.kz олардың не үшін бағаланатыны, сондай-ақ ісін жаңадан бастаған инвесторлар үшін инвестициялаудың қандай нұсқалары жарайтыны жөнінде айтып береді.
Сенімді компаниялардың акцияларын казинодағы фишкаларға ұқсас көгілдір фишкалар деп атап кеткен, ол жердегі мұндай түсті жетондар ең қымбат болып саналады. Биржадағы айналымға бұл термин 1920 жылдардан бастап кірген.
Көгілдір фишкалар немесе blue chips – елдің, өңірдің немесе бүкіл әлемнің ірі, тұрақты, сондай-ақ сенімді компанияларының әдеттегі акциялары.
Мұндай компаниялардың негізгі сипаттамалары:
Өтімділік инвестордың осы компанияның бағалы қағазын сатып алу бағасы мен сату бағасының арасындағы болмашы айырмашылықпен тез сату мүмкіндігін білдіреді. Әдетте, көгілдір фишкаларға, сұраныс жоғары болады, демек олардың бағасы жоғары болғандықтан оларды тез сатуға болады. Көгілдір фишкалармен инвесторлар әдетте көп мәмілелер жасасады.
Капиталдану деген компаниялардың барлық акцияларының құны екенін айтып өтелік. Алайда, бағалы қағаздар құнының жоғары болуы компанияның сенімділігінің көрсеткіші емес, себебі акцияның бағасы болашақтағы табысты ескеріп өсуі мүмкін. «Көгілдір фишкалардың» жоғары капиталдануы бұл компаниялардың кірісінің айтарлықтай жоғары екендігін білдіреді, ол миллиардтаған АҚШ долларымен есептеліп, оларда меншікті үлкен активтері болады. Осының барлығы инвесторларға бұл компаниялардың акциялары құнсызданбайды және олардың баға белгілеулері күрт құлдырамайды деген нық сенім береді.
Көгілдір фишкаларды сонымен бірге қор нарығының индикаторлары деп атайды. Олар бүкіл нарықтағы ахуалға әсер етіп тұрады, себебі ірі компаниялардың акцияларына баға көтерілсе, онда «екінші эшелонның», яғни аса ірі емес компаниялардың акцияларының бағасы да өседі деп саналады.
Дәстүр бойынша, ұлттық және әлемдік биржалар көбінесе өздерінің арнайы индекстеріне көгілдір фишкаларды қосады, оған тек инвесторлардың жоғары сеніміне кірген таңдаулы компаниялар кіреді. Бірақ бұл тізім тұрақты емес, кейбір компаниялар индекстен шығып қалуы, кейбіреулері оған кіруі мүмкін.
Танымал индекстердің ішінде, мысалы, Доу Джонстың (Dow Jones Industrial Average немесе DJI) өнеркәсіптік индексін атауға болады. Бүгінгі күні оған АҚШ-тың ең көп капиталы бар 30-ға жуық компаниясы, оның ішінде Coca-Cola, Apple, Boeing, Microsoft, Nike, Visa, Walt Disney және басқалары кіреді.
Ал Еуропада ірі компаниялары бар осындай индекс болып EURO STOXX 50 компаниясы саналады. Оған Еуроаймақтан 50 компания кіреді, оның ішінде Total, Volkswagen, Telefonica, Siemens және басқалары. Ұлыбританияда осындай индекстің аналогы деп FTSE 100-ді атауға болады, оған, мысалы, British American Tobacco, Burberry, Vodafone сияқты компаниялар кіреді. Жапонияда инвесторлар Honda, Sony, Panasonic, Toyota, Nissan және басқалары сияқты компаниялардың бағалы қағаздарынан тұратын Nikkei 225 индексіне сенім білдіреді.
Қазақстанда ең өтімді акциялардың тізімін Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтынан көруге болады. Көгілдір фишкалар – бұл KASE өкілдік тізіміне кіретін қазақстандық ірі эмитент-компаниялардың акциялары. Қазіргі уақытта оған қызметі экономиканың негізгі секторларына жататын: Банк ЦентрКредит, Халық Банк, KCell, KEGOK, Kaspi.kz, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, Қазақтелеком, ҚазТрансОйл сияқты 8 эмитенттің қағаздары кіреді.
Түрлі компаниялар акцияларының құны әр түрлі, мысалы, Қазақстанда – 1 акция үшін 100 теңгеден 20 мың теңгеге дейін және одан жоғары болуы мүмкін. Бағалы қағаздардың сауда-саттығымен KASE сайтында толығырақ танысуға болады.
Мысалы, «Банк ЦентрКредит» АҚ акцияларының құны жыл сайын өсіп келеді. Егер сіз қағазды 2016 жылдың соңында сатып алсаңыз, онда бүгінгі күні салынған қаражатты бір акция үшін 168,41 теңгеден 479 теңгеге дейін 2,8 есеге ұлғайтар едіңіз (ағымдағы жылдың басынан бері өсім – 20,4%). Бірақ «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларының құны ұқсас кезеңде 36,6%-ға, бір акция үшін 1231 теңгеден 780 теңгеге дейін төмендеді. Бұл көгілдір фишкаларға инвестициялаудан керемет пайда күтудің қажеті жоқ дегенді білдіреді. Кейде бұл бірнеше жылға созылады – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар. Себебі бұл компаниялар өздерінің ұзақ тарихына байланысты баяу дамуда. Әдетте, көгілдір фишкалар дивидендтерінің мөлшері салымдар бойынша кірістіліктен аса жоғары емес. Сондықтан мұндай инвестициялар өз ақшаларын сақтау үшін қолайлы. Олардан түсетін табыс үлкен емес, бірақ тұрақты.
Сондай-ақ акциялардан пайда дивидендтерден ғана емес, сонымен қатар акция құнының өсуінен де алынуы мүмкін. Бірақ, бұл акция бағасының өсуі де, сондай-ақ инвестор тақырға да отыруы әбден мүмкін екенін есте ұстау керек.
Сонымен қатар көгілдір фишкалар тұрақты өсу мен дағдарыстарға, тіпті әлемдік деңгейге де төзімді. Егер олардың жұмысында қиын жағдайлар туындаса және нарыққа жақсы жаңалықтар келмесе де, бұл инвесторлар бірден бағалы қағаздарды сата бастайды дегенді білдірмейді. Әдетте мұндай компанияларға сенім артады және олар орын алған мәселелерді шешеді деп сенеді. Сондықтан олардың бағасы тұрақты болып қалады, әдетте олардың күрт көтерілуі немесе төмендеуі сирек кездеседі.
Алайда, ешқандай нарық сізге кез-келген компания үшін 100% тұрақтылыққа кепілдік бермейді. Мысалы, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Lehman Brothers және General Motors сияқты ірі компаниялар банкротқа ұшырады. Сондықтан үлкен ойыншылар да сәтсіздікке ұшырап, өз акциялары бойынша баға белгілеулерінің төмендеуін көрсетуі мүмкін.
Пайдасының көп бөлігін одан әрі дамуына жұмсайтын жаңа компаниялардан айырмашылығы, арнайы индекстерге кіретін компаниялар өздерінің кірістерін инвесторлармен бөлісуге дайын, себебі олар жақсы позицияларға жетіп, жеткілікті қаражат тапты. Қалай болғанда да, сіз олардан тұрақты төлемдер алуға үміттене аласыз. Ірі компаниялар жыл сайын әрдайым дивидендтер төлей бермейтінін есте ұстаған жөн, бәрі олардың басшылығының шешіміне және нарықтағы жағдайға, компанияның қазіргі кездегі қажеттіліктеріне байланысты болады.
KEGOC акционерлерінің жалпы жиналысы 2021 жылдың екінші жартыжылдығы үшін дивидендтер төлеуге 13,2 млрд теңге жұмсау туралы шешім қабылдағаны хабарланды, бұл бір жай акцияға есептегенде 50,85 теңге 85 тиынды құрады. Немесе «Қазатомпром» ҰАК» АҚ 2022 жылғы мамырда компания меншік иелерінің үлесіне тиесілі 2021 жылғы есепті қаржы жылындағы 140 млрд 773 млн 47 мың теңге мөлшеріндегі шоғырландырылған таза кірістің 100%-ын акционерлерге дивидендтер төлеуге жұмсайтынын хабарлады. «Қазатомпром» ҰАК» АҚ-ның бір жай акциясына шаққанда дивиденд мөлшері 876,74 теңгені құрады. Ірі шетелдік компаниялардың дивидендтерінің мөлшері әртүрлі, орташа алғанда олар жылдық 3 %-дан 5%-ға дейін.
1. Инвестициялаудың алтын қағидаларының бірі – өз портфеліңізді әртараптандыру, яғни ақшаңызды әртүрлі активтерге салу керек. Егер бұл бағалы қағаздар болатын болса, онда экономиканың түрлі секторларындағы компанияларды таңдаған дұрыс және тек акциялармен ғана шектеліп қалмай, сондай-ақ, мысалы облигациялар сатып алу керек. Және, әрине, шаралар қолданып, өз инвестицияларыңызды қорғау үшін елдегі және әлемдегі жағдайды үнемі қадағалап отыру қажет. Дұрыс әрекет жасайтын болсаңыз, көгілдір фишкаларды қоса алғанда, бағалы қағаздардан тұратын жақсы портфель жинап алуға болады.
2. Егер сіз ұзақ мерзімді жинақтауды көздейтін болсаңыз, онда тәжірибелі инвесторлар бағалы қағаздар сатып алатын уақытта мынадай классикалық қағидатты ұстануға кеңес береді. Ол бойынша сіздің инвестициялық портфеліңіздің 60%-ы акциялардан және 40%-ы облигациялардан тұруы тиіс. Ісін жаңа бастағандар портфелінің бұдан да басым бөлігін облигациялармен толтыра алады. Дәстүр бойынша қаражат салудың сенімді әрі барынша тұрақты құралы мемлекеттік облигациялар болып саналады. Нарықта бір-бірінен купон бойынша, сондай-ақ айналыс мерзімі бойынша ерекшеленетін түрлі облигациялармен танысуға болады. Купон немесе купондық кірістің – облигация ұстаушыларға эмитенттен, яғни оларды шығарған компания не мемлекеттік органнан берілетін ақшалай төлемдер екенін түсіндіре кетейік.
3. Инвестордың тағы бір алтын қағидасы – ол жөнінде хабарыңыз бар құралға ғана ақша салу. Белгілі бір инвестициялық құралдың мәнінің неде екенін түсінбесеңіз, ақшаны босқа жұмсаудың қажеті жоқ. Өзіңіздің соңғы қаражатыңызды, сондай-ақ қарызға алған ақшаңызды инвестиция ретінде салмаңыз – қаржы нарығы сіздің мұндай қатеңізді кешірмейді. Сіз пайда таппағаныңыздан бөлек, бар ақшаңыздан айырылып қалуыңыз әбден мүмкін.
Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Салықтық шегерімдер дегеніміз не және оның көмегімен қалай үнемдеуге болады?
Аңыздарды жоққа шығарамыз: коллекторлармен қалай өзара іс-әрекет етуге болады
Сақтандыру не үшін қажет және сақтандыруда қандай тәуекелдер болуы мүмкін?