Микрокредит алғысы келетін әрбір адам болашақта оны өтей алу мүмкіндігі оның кірісіне, яғни төлем қабілеттілігіне тікелей байланысты екендігін естен шығармауы тиіс. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер қарыз алушының барлық кредиттері бойынша төлемдер оның кірісінің 50% - нан асатын болса, микрокредит алу мүмкін емес.
Жеке бюджетіңіз үшін микрокредитті қалайша дұрыс және қауіпсіз алуға болатыны жөнінде Fingramota.kz-ке Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының директоры Ербол Омарханов айтып берді.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымға, яғни МҚҰ-ға, кредиттік серіктестікке, ломбардқа немесе онлайн-кредиторға өтініш жасамас бұрын микрокредиттің «дұрыстығын» тексерудің бес қадамын зерделеңіз.
№1 қадам. Микрокредит алғыңыз келетін ұйымның лицензиясы болуын тексеріңіз
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын барлық ұйымдар (бұдан әрі – микроқаржы ұйымдары, МҚҰ) ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) реттеу аясына кіреді.
2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының микроқаржы секторында 246 микроқаржы ұйымы бар, олар жеке тұлғаларға Агенттіктің берген тиісті лицензиясының негізінде микрокредиттер беруге құқылы. Агенттік лицензияланған ұйымдардың тізімін өзінің www.gov.kz сайтында «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінде орналастырады. Микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензия ұйымның қаржылық реттеушінің бақылауында екенін және өз қызметін Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүргізетінін куәландырады.
Сол себепті ешбір жағдайда тиісті лицензиясы жоқ компанияларда тауарды бөліп төлеуді ресімдеуге немесе қарыз түріндегі ақшалай қаражат алуға болмайды. Мұндай компаниялардың қызметі заңсыз, және де мұндай компаниялармен жасалған қарыз шарттары бойынша пайыздар мен өсімпұлдар тұтынушының болашақта төлей алмайтындай мөлшерге дейін жетуі мүмкін. Микроқаржы ұйымдарының атын бүркемеленіп, жалған кредиттер ресімдеу үшін азаматтардың дербес және төлем деректерін алу мақсатында оларға психологиялық қысым көрсететін алаяқтар жасырынып жүреді.
Жалған микрокредиттер беруге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Агенттік 2021 жылғы мамырдан бастап онлайн-микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды идентификаттау тәртібін қатаңдатты. Енді онлайн-микрокредит беру үшін микроқаржы ұйымы мынадай үш тәсілдің бірімен клиентті идентификаттауға міндетті:
- электрондық цифрлық қолтаңба арқылы;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының сервисі арқылы қарыз алушыны биометриялық идентификаттау жолымен;
- жеке деректерді екі факторлы тексеру және нақты уақыт режиміндегі қарыз алушының бейнесі арқылы.
Бұған қосымша 2022 жылғы қаңтардан бастап МҚҰ клиент көрсеткен абоненттік нөмірді ұтқыр байланыс операторларының деректерімен салыстырып тексеруді жүзеге асыруға міндетті.
Ал 2022 жылғы 16 қаңтардан бастап Агенттік азаматтарда жалған берешектің туындауына жол бермеу және олардың мүдделерін қаскүнемдердің әрекеттерінен қорғау үшін алаяқтық тәсілмен ресімделген микрокредит бойынша берешекті реттеу тәртібін енгізді. Енді азамат микрокредитті заңсыз ресімдеу туралы құқық қорғау органдарына жүгінген кезде МҚҰ күнтізбелік үш күн ішінде жалған микрокредит бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұруға және клиент бойынша талап-арыз жұмысын тоқтатуға міндетті.
МҚҰ-ның белгіленген тәртіпті мүлтіксіз және уақтылы орындауын қамтамасыз ету үшін Агенттік пен құқық қорғау органдары арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес Агенттік жалған микрокредит фактісі расталған кезде МҚҰ-ның кредиттік бюродағы мәліметтерді түзету және берешекті есептен шығару бойынша шаралар қабылдауын мониторингтеуді жүзеге асырады.
№ 2 қадам. Микрокредит беру туралы шартты мұқият оқыңыз
Микроқаржы ұйымдарына қарыз алушылардан қандай да бір комиссия алуға, сондай-ақ азаматтардың еркінен тыс микрокредит сомасынан төленетін қосымша қызметтерді жүктеуге тыйым салынғанын білу керек.
Микрокредит сомасынан ақшаны ұстап қалу жағдайын болдырмау үшін шартқа қол қойғанға дейін микроқаржы ұйымының сайтында орналастырылған ақпаратпен өте мұқият танысу қажет. Ал микрокредитті рәсімдеу барысында микрокредит беру туралы шарттың мәтінін мұқият оқып шығыңыз. Бұл ретте заңнамада жосықсыз кредиторлар пайдаланатын ұсақ қаріптермен жазылған қандай да бір құйтырқы талаптарды болдырмау үшін шартты рәсімдеуге қойылатын талаптар белгіленген.
Мәселен, микрокредит беру туралы шарт мыналарды қамтуы тиіс: шарттың жалпы талаптары; қарыз алушы мен микроқаржы ұйымының құқықтары; микроқаржы ұйымына арналған шектеулер; міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі; шарт талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі; микрокредитті өтеу мерзімі; сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері және СЖТМ. Сондай-ақ мынадай талаптар белгіленуі тиіс:
- шартты басып шығаратын қағаздың мөлшері (А4);
- шарт мәтінінің шрифті – «Times New Rоmаn» өлшемі кемінде 12, әдеттегі әріпаралық, бір жоларалық интервалмен және абзацтық шегіністі қолданумен.
Титулдық парақ микрокредиттің талаптарын, сомасын және мерзімін, сыйақы мөлшерлемесін, ЖТСМ, артық төлем сомасын, өтеу әдісі мен тәсілін, сондай-ақ шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшерін қамтитын, шарттың бірінші парағы болып табылады.
Көбінесе, микрокредит алуға арналған сауалнаманы толтырған кезде қарыз алушыға арналған тармақтарда белгілер қойылады, оған сәйкес қарыз алушыға қосымша қызметтер, микрокредит сомасынан ұсталатын төлем ұсынылады. Болашақта бұл ақпарат шартта көрсетіледі, ол сізге қол қоюға беріледі.
№3 қадам. Сыйақы мөлшерлемесіне назар аударыңыз
«Микроқаржылық қызмет туралы» ҚР Заңына сәйкес микроқаржы ұйымдары микрокредиттің 2 түрін ұсынуға құқылы, атап айтқанда:
1) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 20 мың мөлшерінен аспайтын мөлшерде, қамтамасыз етілетін не қамтамасыз етілмейтін микрокредит;
2) жеке тұлғаларға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген, 50 АЕК аспайтын сомаға, күнтізбелік 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін микрокредиттер.
Микрокредиттің бірінші түрі бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі (ЖТСМ) жылына 56%-дан аспайды.
Егер мынадай талаптар сақталса, заң бойынша микрокредиттердің екінші түріне ЖТСМ-нің 56%-ы мөлшері туралы талап қолданылмайды:
- жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы осындай микрокредит бойынша кепіл берілген жағдайда берілген микрокредит сомасының 20%-нан және кепілмен қамтамасыз етілмеген мүлік бойынша 25%-дан аспайды. Осылайша, микрокредиттің осындай түрі бойынша сыйақы мәні қарапайым арифметикалық тәсілмен есептеледі;
- шарт бойынша микрокредит сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5%-нан аспауға тиіс;
- қарыз алушының шарт бойынша барлық төлемдері, сыйақы және тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) сомасын қоса алғанда, жиынтығында микрокредит беру туралы шарттың бүкіл қолданыс кезеңі үшін берілген микрокредит сомасынан аспауға тиіс;
- шарт микрокредит сомасын ұлғайтуға тыйым салуды қамтиды;
- тараптардың келісімі бойынша қолданыстағы немесе жақсартатын талаптарда микрокредит беру туралы шарттың қолданыс мерзімі ұзартылуы мүмкін.
Осындай микрокредит түрін алған кезде оны бөліп-бөліп емес, бір жолғы төлеммен өтелетінін есте ұстаған жөн.
№4 қадам. Сіз үшін микрокредит бойынша төлемдерді кешіктіру несімен қауіп төндіретінін зерделеңіз
Атап айтқанда, мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген жеке тұлғалардың микрокредиттері бойынша мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5%-нан аспайтын микрокредит сомасын қайтару бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алғаны үшін өсімпұл мөлшеріне назар аударыңыз.
Мерзімін өткізіп алу туындаған жағдайда микроқаржы ұйымынан жасырынуға болмайды. Микрокредиттерді өтеуде қиындық көріп отырған қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін 2021 жылғы 1 қазаннан бастап азаматтардың мерзімі өткен берешектерін кредиттік ұйымдар үшін міндетті реттеу тетігі заңнамалық түрде енгізілді.
Проблемалық берешекті шешу реттеу рәсімін бастау үшін Сіз кредиторға тиісті өтінішпен жүгінуіңіз қажет. Өтініште қолда бар растайтын құжаттарды қоса бере отырып, аты-жөнін, ЖСН, байланыс деректерін, микрокредит туралы мәліметтерді, мерзімін өткізіп алу себептерін көрсету қажет.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін өтініштер жазбаша да, қашықтан да, яғни МҚҰ бөлімшелеріне бармай-ақ ресми интернет-ресурстар және кредитордың электрондық поштасы арқылы беріле алады.
Өтінішті және растайтын құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде МҚҰ борышкердің қаржылық және әлеуметтік жағдайын жеке-жеке талдайды. Көрсетілген мерзімде сізге кредитордың қарызды қайта құрылымдаумен келісетіні туралы хабарлануы тиіс.
Кредитордың келісімі бар болса, қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша МҚҰ келесі күнтізбелік 15 күн ішінде кредитті өтеудің жаңа кестесін қабылдай отырып, микрокредит ұсыну туралы шарт талаптарына қажетті өзгерістер енгізуге міндетті.
№5-қадам. Сіз өз құқықтарыңызды қорғау үшін қаржы реттеушісіне жүгінуге құқығыңыз бар
Шарт талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге келмеген жағдайда немесе егер МҚҰ сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңізді бұзған болса, сіз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне МҚҰ-ға жүгінгеніңіздің фактісін растайтын құжаттармен жүгіне аласыз.
Сіздің өтінішіңіздің негізінде Агенттік микрокредиттік ұйымдарға қатысты құжаттық тексеруге бастама жасайды, бұл тексерудің шеңберінде кредитордың проблемалық берешекті реттеу процесіне қойылатын заңнамалық талаптарды сақтауына талдау жүргізіледі.
Агенттікке мынадай тәсілдермен жүгінуіңізге болады:
Қазақстан Республикасының (https://egov.kz/cms/ru) электрондық үкіметі порталы арқылы, «Электрондық өтініштер» сервисінде «Көрсетілетін қызметтерге онлайн тапсырыс беру» бөлімін таңдап, растаушы құжаттарды қоса тіркеп, өтініштің мәтінін толтырыңыз.
eOtinish (https://eotinish.kz/) электрондық сервисінің көмегімен. Өтініш беру eGov қосымшасы арқылы жүзеге асырылады, «Өтініш беру» сервисінде «Өтінішті» таңдап, өтініштің мәтінін толтырыңыз.
Агенттіктің мынадай: А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша жазбаша нысанда.
Агенттіктің өңірлік өкілдер басқармасы арқылы, олардың мекенжайларын мынадай: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/about/structure/185/1?lang=ru сілтемесі арқылы табуға болады.
Сонымен бірге Агенттіктің «1459» нөмірі бойынша call-орталығы және «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы консультация алуыңызға болады».
Анықтама үшін:
МҚҰ берген қарыздар бойынша портфельдің көлемі 2022 жылғы
1 маусымдағы жағдай бойынша 916 млрд теңгеден астам соманы құрады. 2022 жылдың басымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 125,8 млрд теңгеге немесе 15,9%-ға, ал 2021 жылғы 1 маусымнан бастап 299,3 млрд теңге немесе 61%-ға өсті.Негізгі қарыз алушылар бұл – жеке тұлғалар. Жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, мұндай клиенттердің ағымдағы берешегінің жалпы көлемі 2022 жылғы
1 маусымдағы жағдай бойынша 903,6 млрд теңгені немесе кредит берудің жалпы портфелінің 98,6%-ын құрады.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?
Бейтаныс нөмірлерден спам-қоңыраулар: оларды қалай болдырмауға болады