Қазіргі таңда міндетті автосақтандыру неғұрлым сұранысқа ие сақтандыру түрі болып табылады. Сақтандырудың бұл түрі бойынша цифрлық жүйелік сервистер жөнінде еліміздің автокөлік иелері бұрыннан хабардар: бүгінгі күні автосақтандыру шартын тәулік бойы режимде қашықтан жасауға болады. Алайда, қазақстандықтарды 2024 жылы тағы бір қосымша жаңалықтар күтіп тұр.
Сақтандыру заңнамасындағы бұл жаңалықтан нені күтеміз, сондай-ақ сақтандыру төлемін алу тәртібі жөнінде нелерді білу қажеттілігі жөнінде Fingramota.kz. толығырақ айтып береді.
Соңғы жылдары Қазақстанда сақтандыру саласындағы цифрландыру үрдісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. 2019 жылдың басынан сақтандырудың барлық міндетті түрлері бойынша шарттар жасасу электондық түрде жүзеге асырылады. Ағымдағы сәтке сақтандыру шарттарының 100%-ы қашықтан жасалады. Сақтандырудың кеңінен тараған түрінің бірі – міндетті автосақтандыруды цифрландыру, бұл, әлбетте, сақтандыру шартын жасау рәсімін жеңілдетті және қызметтің бұл түрінің географиялық тұрғыдан қолжетімділігін арттырды. Халыққа сақтандыру шарттарын 24/7/365 режимінде қашықтан жасау мүмкіндігі берілді. Сақтандыру полисі бойынша барлық деректер Мемлекеттік кредиттік бюроның www.mkb.kz сайтында нақты уақыт режимінде Бірыңғай сақтандыру дерекқорында (бұдан әрі – БСДҚ) сақталады.
Сақтандыру қызметтерін бұдан әрі цифрландыру шеңберінде Агенттік 2022 жылы сақтандыру төлемдерін қашықтан алу мүмкіндігімен қамтамасыз ету жөніндегі заңнамалық базаны әзірледі. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандырудың барлық міндетті түрлері бойынша сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу және міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемін алудың жеңілдетілген тәртібі (Еурохаттама) енгізілетін болады. Бұл клиенттерге толық қашықтан қызмет көрсетуге ауысу деген сөз. Шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру төлемін алуға дейінгі сақтандыру қызметтерін көрсетудің бүкіл процесі цифрландырылатын болады.
Сақтандыру төлемдерін онлайн реттеуді енгізу сақтандыру төлемін алу рәсімін жеңілдетуге және ашық етуге мүмкіндік береді. Тұтынушы сақтандыру төлемін алу үшін сақтандыру компаниясының сайты арқылы өтініш пен қажетті құжаттар бере алады және сақтандырушының кеңсесіне бармай-ақ төлемді банк карточкасына ала алады.
Сақтандыру шартын онлайн жасағанда да БСД онлайн-төлем кезінде негізгі оператор болмақ, ол бизнес-процесті үйлестіріп, автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Сақтандыру жағдайын реттеудің құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап төлем аяқталатын бүкіл процесі клиенттің жеке кабинетінде сақталып, БСД-да тіркелетін болады. Әрбір кезеңнің электрондық тіркелуі сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін тиісті түрде қорғауды қамтамасыз етеді.
Онлайн реттеуді енгізу цифрлық көрсетілетін қызметтерді, құжаттарды және ақпаратты пайдалану мүмкіндігін алу үшін мемлекеттік органдардың дерекқорларымен одан әрі интеграциялауды талап етеді. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігінің дерекқорымен әкімшілік хаттамалар алу бойынша интеграциялық жұмыстар аяқталды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерекқорымен мүгедектік туралы анықтамалар бойынша, қайтыс болу туралы куәліктер бойынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен электрондық анықтамалар мен құжаттарды алу бойынша интеграциялау жөнінде пысықтаулар жүргізілуде. Мұндай интеграцияның көмегімен тұтынушы өзінің жеке кабинеті арқылы барлық қажетті құжатты электрондық түрде алып, оларды өтінішке қоса беріп, төлем рәсімін қашықтан бақылай алады.
Сақтандыру ұйымдары мен БСД-ның ақпараттық жүйелері үшін ақпараттық және дербес деректерді қорғаудың ең жоғары деңгейіне қойылатын талаптар, сондай-ақ киберқауіпсіздік бойынша талаптардың болуы белгіленген. Сақтандыру ұйымдары ақпараттық жүйелер мен бизнес-процестерді белсенді түрде пысықтауда. Цифрлық платформалар мен интерфейстер әзірленуде. Бүгінгі таңда жекелеген сақтандыру ұйымдары онлайн төлемдер үшін цифрлық платформалар әзірледі, оларды пайдалану кезінде азаматтар сақтандыру төлемдерін қашықтықтан ала алады.
Сақтандыру жүйесіндегі бұл өзгеріс, сақтандыру ұйымдары тарапынан клиенттерге толық қашықтан қызмет көрсетуге көшу қазақстандықтардың өміріне оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Пайдалы жаңалықтардан хабардар болыңыз да, Fingramota.kz-пен қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт