Соңғы жылдары сақтандыру нарығында жосықсыз «көмекшілердің» қызметіне жүгінушілердің саны артуда. Олардың «қызметтеріне» азаматтар көп жағдайда жол-көлік оқиғасы кезінде міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерін алу үшін жүгінеді.
Fingramota.kz сақтандыру делдалдарының іс жүзінде қалай әрекет ететінін және бұл жағдайда қазақстандықтарға неліктен сақтандыру омбудсманына жүгінген дұрыс екенін айтып береді.
Қазіргі таңда Қазақстанның сақтандыру нарығындағы басты проблеманың бірі «көмекшісымақтардың» қызметі болды. Азаматтардың сеніміне кіру үшін олар өздерін көлік саласының заңгерлеріміз деп таныстырулары мүмкін, бұл аталған саладағы заң мамандарының абыройына айтарлықтай нұқсан келтіреді. «Көмекшілер» зардап шеккен азаматтардың құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемін өз бетінше алу мүмкін емес деген жаңсақ пікір қалыптастырады.
«Сақтандыру көмекшілерінің» схемасы
Автосақтандыру – сақтандыру өнімдерінің ішіндегі ең көп таралған қызмет. Көлік жүргізушілері мен сақтандырушылардың арасында жол-көлік оқиғасынан кейінгі төлемнің мөлшері жөнінде даулардың жиі туындауы таңғаларлық емес. Бұл жерде, мүдделер қақтығысының салдарынан сақтандыру төлемінен түсетін белгілі бір пайыздар үшін өз қызметтерін ұсынатын делдалдар да пайда бола кетеді.
Мұндай «автозаңгерлер» көлік иелерінің мүддесін қорғап, сот арқылы ЖКО кейінгі сақтандыру төлемінің мөлшерін ұлғайтуға тырысады. Олар автокөлік бөлшектерінің құны және (немесе) оны жөндеуге жұмсалатын шығынды бағалау кезіндегі айырмашылықты алға тартады. Сақтандыру делдалдарының іс-әрекеттері мен қолданатын әдістері бір көзбен қарағанда, тиімді сияқты болып көрінеді. Сот сақтандыру компаниясы қосымша ақы төлеуге тиіс деген шешім шығаруы мүмкін. Сот кабинетінің мәліметі бойынша, сәтті болған жағдайда, оның мөлшері негізгі төлемнің 10 немесе тіпті 20%-ын құрайды. Алайда, жеке сақтандыру делдалдарының қызметтері үшін сыйақы сақтандыру төлемінің 30-50%-ына жетуі мүмкін. Сотта жеңіске жетіп, делдалға гонорар бергеннен кейін, автокөлік иесі уақытын жоғалтқаны болмаса, ешқандай зардап шекпейді. Көпшілік жағдайда ол үшінші тұлғалар араласпаған жағдайда қол жеткізетін сақтандыру төлемінің бір бөлігінен айырылады.
Тыңдау рәсімін жүргізу кезінде және сотта жеке тұлғалардың айғақтары бойынша пайда алушылар сақтандыру омбудсманы институты жайлы хабары жоқ екенін және ақылы негізде делдалдарға жүгінетінін хабарлайды.
Шын мәнінде, «көмекшілер» іс жүзінде заңды немесе консультациялық қызметтер көрсетпестен және азаматтарды жаңылыстыра отырып, заң бойынша пайда алушыға тиесілі сақтандыру төлемінің жартысына жуығын өздері алады. Азаматтардың сенгіштігін пайдалана отырып, жосықсыз «көмекшілер» азаматтардың есебінен байи түседі.
Бұл ретте олардың мұндай қызметтері жеңіл ақша алудың кәнігі схемасына айналды, салдарынан заңды төлемдерін ала алмаған адамдардың саны жылдан жылға артып келеді. Нәтижесінде «көмекшілердің» қызметі азаматтарға материалдық зиян келтіріп қана қоймайды, сонымен қатар олардың сақтандыруға деген сеніміне нұқсан келтіреді, өйткені «көмекшілер» өздерінің көмегінсіз сақтандыру төлемін алу қиынға соғады деп сендіреді.
Салдары өліммен аяқталған ЖКО-дан кейін «көмекшілер» зардап шеккен адамның туыстарына сақтандыру компанияларынан ақша алуға жәрдем етуге уәде бере отырып «қол ұшын беру үшін» хабарласатын жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен, егер ЖКО-да қайтыс болған адамның асыруында балалары немесе ата-аналары болса, заң бойынша оларға 2000 АЕК немесе 7,4 млн теңге (2024 жылға арналған АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде сақтандыру төлемі тиесілі. «Көмекшілер» олармен шарт жасасып, сақтандыру төлемдерін алуға сенімхат ресімдейді. Бұл жағдайда делдалдық қызметтер зардап шеккен адамның туыстарының сақтандыру компаниясына құжаттар беруіне алып келеді. Жарты соманы немесе одан көп соманы делдалдар өздеріне қалдырады, және бұл көрсетілген қызметтің көлеміне сай емес. Сақтандырушылардың сақтандыру төлемдерін жүзеге асырғаны үшін комиссиялар мен алымдар көзделмегендігін атап өтеміз.
ҚР Азаматтық кодексінің 817-бабының 4-тармағына сәйкес сақтандыру жағдайының басталғандығын, сондай-ақ ол келтiрген зияндарды дәлелдеу сақтанушының (пайда алушының, сақтандырылушының) мiндетiне жатады.
Азаматтардың сақтандыру жағдайы орын алған кезде сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемін сақтандыру саласындағы қолданыстағы заңнамада белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімде жүргізуге міндетті екендігіне назарын аударамыз. Салдары өлімге әкелген ЖКО кезінде қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың: оның асырауындағы балаларының немесе туыстарының, зардап шеккен адамның қайтыс болуына байланысты зиянды өтеуге құқығы бар адамның біржолғы төлем алуға құқығы бар.
Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес ағымдағы жылдың басынан бастап қазақстандықтар сақтандырушылармен келіспеушіліктерді реттеу үшін сотқа жүгінуден бұрын сақтандыру омбудсманына жүгінулері керек. Яғни 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап шешілмеген сақтандыруға қатысты даулы мәселесі бар өтініш беруші оны реттеу үшін міндетті тәртіппен сақтандыру омбудсманына жүгінуі қажет. Аталған жаңа ереже азаматтарға сақтандыру ұйымдарымен дауларды шешу рәсімін елеулі түрде жеңілдетті.
Сақтандыру обмудсманы деген кім?
Сақтандыру омбудсманы – бұл өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға, оның қызметі жеке және заңды тұлғалардың сақтандыру компанияларымен сақтандыруға қатысты даулы мәселелерін шешуге бағытталған.
Сақтандыру омбудсманы дауларды ерікті және міндетті сақтандырудың барлық класы бойынша қарайды. Бірақ кішігірім шектеу бар – даулар бойынша талап ету сомасы 10 000 АЕК-тен аспауға тиіс, ол 2024 жылы 36 920 000 теңгені құрайды.
Орта және ірі бизнес субъектілерін болып табылатын заңды тұлғалар омбудсманға көлік құралы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ МАҚЖ) класы бойынша ғана жүгінуге құқылы.
Сақтандыру омбудсманы дауды 2 ай ішінде қарап, шешім шығарады. Сақтандыру омбудсманының шешімін сақтандырушы орындауға міндетті болады. Бұл ретте омбудсман дауды тегін қарайды, ешқандай ақы төлеудің қажеті жоқ, сақтандыруға қатысты даулы мәселе болса, тек омбудсманға өтініш беру керек.
Омбудсманға жүгіну тәртібі
Сақтандыру омбудсманына жүгінуден 3 күн бұрын өтініш беруші жүгінетіні туралы сақтандыру компаниясына хабарлауы қажет. Бұл сақтандыру компаниясына дауды реттеуге мүмкіндік беру үшін жасалады. Сақтандыру компаниясына хабарлама бергеннен кейін 3 күн өткен соң өтініш беруші омбудсманға өтініш беруге құқылы болады.
Өтінішті әртүрлі тәсілдермен беруге болады:
2024 жылғы қаңтарда сақтандыру дауларын қараудың CRM-жүйесі енгізілді, сондай-ақ омбудсманның сайты арқылы өтініш беру нысаны енгізілді. Статистика бойынша, 80%-85% өтініштер интернет-ресурс арқылы беріледі.
Сақтандыру дауын қарау нәтижелері бойынша сақтандыру омбудсманы шешім шығарып, оны өтініш берушіге жолдайды. Өтініш беруші сақтандыру омбудсманының шешімімен келісе алады, бұл жағдайда сақтандыру компаниясы оны орындауға міндетті болады.
Сол уақытта өтініш беруші сақтандыру омбудсманының шешімімен келіспей сақтандырушыға қатысты сотқа талап арыз беруге де құқылы. Бұл жағдайда омбудсманның шешімі өтініш беруші үшін міндетті болып табылмайды. Талап арызды берген жағдайда дауды омбудсманда сотқа дейінгі міндетті реттеуді растайтын құжат ретінде омбудсманның шешімін қоса беру қажет. Сот дауды келіп түскен талап арыздың және қоса берілген құжаттардың негізінде қарайды.
Даулардың 10%-20%-ы ғана ары қарай сотқа жіберіледі, бұл сақтандыру нарығының тұтынушыларына сақтандыру дауы бойынша өзін қанағаттандырарлықтай шешімді барынша қарапайым нысанда әрі қысқа мерзім ішінде тегін алуға мүмкіндік береді. Десек те, сақтандыру омбудсманы бас тарту туралы шешім шығаратын кейстер де жоқ емес.
Сақтандыру омбудсманының офисі сақтандыру дауларын сапалы түрде және жедел қарауға мүмкіндік беретін үрдістер мен үдерістерді тұрақты түрде жетілдіріп отырады. Сондықтан, сақтандыру нарығында қызмет ететін күмәнді делдалдарға жүгінбей, дауды сақтандыру омбудсманымен реттеген жөн.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
AQYL дегеніміз не және білім беру депозитін онлайн қалай ашуға болады
Егер сізде бірнеше кредитіңіз болса: оларды мерзімінен бұрын қалай дұрыс өтеуге болады
Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?