Сақтандырушы лицензиядан айырылды делік: сақтандыру төлеміне кім кепілдік береді?

time 28.09.2021

Сіз сақтандырылған компания лицензиядан мәжбүрлі түрде айырылып, таралды ма? Әрине, жағымды жағдай емес. Алайда сақтанушыға егер таратылған ұйым «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-тың (СТКҚ) қатысушысы болып табылса, төлемді қамтамасыз ету үшін алаңдаудың қажеті жоқ. 

Бұл қор қандай ұйым және оның негізгі функциялары мен міндеттері не: Fingramota.kz-пен бірге толық талқылаймыз

 

СТКҚ не үшін құрылды?

Бұл қор 2003 жылғы 14 тамызда Қазақстан Ұлттық Банкінің қаулысына сәйкес құрылды. СТКҚ акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады және өз қызметін өзініңсалалық заңы мен құрылтай құжаттары негізінде жүзеге асырады. СТКҚ-ның қызметін бақылауды және қадағалауды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жүзеге асырады.

Бүкіл әлемде мұндай қорларға қатысу сақтандырушының сақтандырудың белгілі бір түріне лицензия алуы үшін міндетті шарт болып табылады. Мұндай қорлар сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Мұндай қорлардың активтері сақтандыру ұйымдарының есебінен қалыптастырылады. Алайда кейбір жағдайларда қор активтерінің біршама бөлігін мемлекет қалыптастыруға көмектеседі. Осындай түрдегі қорлар азаматтардың сақтандыру саласына деген сенімін қамтамасыз етеді, осыған байланысты сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі тиімді жұмыс істейді.


СТКҚ-ның негізгі функциялары мен міндеттері не?

Оның негізгі міндеті қаржылық қызметтерді тұтынушылардың – кредиторлардың, яғни сақтандыру шарты бойынша кепілдік төлемін алуға құқығы бар тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ кепілдік берілген сақтандыру сыныптары бойынша өміріне, денсаулығына өзге тұлға зиян келтірген тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Негізгі міндеттерді орындау үшін СТКҚ-ның қызметі кепілдік төлемдерін жүзеге асыруға, қатысушы-сақтандыру ұйымдарының жарналарын тартуға және т. б. бағытталған.


Анықтама үшін: Жалпы сақтандыру бойынша 17 компания және өмірді сақтандыру бойынша 9 компания СТКҚ қатысушылары болып табылады. Яғни, оның қатысушылары сақтандыру сыныптарын кепілдендіру шеңберінде қызметін жүзеге асыратын барлық сақтандыру ұйымдары болып табылады. Олармен СТКҚ ресми интернет-ресурсында танысуға болады. 

 

СТКҚ кепілдігі қандай төлемдерге қолданылады?

СТКҚ сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылған кезде сақтандырушыларға (сақтандырылған пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін мынадай кепілдік берілетін сақтандыру түрлері бойынша жүзеге асырады:

- көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;

- тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;

- туристі міндетті сақтандыру;

- «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңдары шеңберінде жүзеге асырылатын аннуитеттік сақтандыру.

Көлік оқиғасы болған жерден жасырынған және жәбірленушіге зиян келтіргені үшін жауапты адам анықталмаған жағдайларда, СТКҚ жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді де жүргізетінін жеке атап өту қажет.

Сақтандырудың міндетті сыныптары бойынша кепілдік төлемдердің қалай жүзеге асырылатынын толығырақ қарастырайық. Кепілдік төлемін жүзеге асыру бойынша СТКҚ-ға талап ету құқығы кредиторда (жәбірленушіде) қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап туындайды. 

Мұндай төлемді қалай алуға болады және ол үшін не істеу қажет? 

Зардап шегуші СТКҚ қатысушысы - сақтандыру ұйымының клиенті болып табылады, тиісінше, ол кредитор ретінде СТКҚ-ға сақтандыру төлемін өтеу бойынша талап қоя алады. Қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлі түрде тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде кредитор кепілдендірілген төлемді жүзеге асыру туралы жазбаша өтінішпен СТКҚ-ға жүгінуі тиіс.

СТКҚ заңды күшіне енген қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлі түрде тарату туралы сот шешімінің көшірмелерін алған cәттен бастап он жұмыс күні ішінде республикалық мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде мәжбүрлі түрде таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларына туындаған сақтандыру жағдайлары бойынша кепілдендірілген төлемдерді жүзеге асыру туралы хабарлама жариялайды. Ал таратылатын сақтандыру ұйымында уақытша әкімшілік тағайындалған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде екі республикалық ауқымдағы БАҚ-қа және өзінің интернет-ресурсына кредиторларға кепілдендірілген төлемдерді жүзеге асыру күні туралы хабарлама жариялайды.

Бұл ретте СТКҚ мыналарды өтемейді: моральдық зиян; мүлікке келтірілген зиян; зардап шегушінің немесе төлемді алуға құқығы бар тұлғалардың жіберіп алынған пайдасы; қоршаған ортаға келтірілген залал.

Заңға түзетулер күтілуде

Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы қаралуда, ол СТКҚ кепілдік беретін сақтандыру сыныптарының тізбесін кеңейтуге бағытталған СТКҚ туралы салалық заңға түзетулер блогын көздейді. Бұл сақтандырудың барлық міндетті түрлері (жүктелген сақтандыруды қоспағанда), МБЖЖ және зейнетақы аннуитеттері шарттары бойынша өмірді сақтандыру бойынша төлемдерге кепілдік беру тетігін енгізуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда көрсетілген заң жобасында сақтандыру портфелін басқа сақтандыру ұйымына СТКҚ активтері есебінен беру рәсімі көзделген. Бұдан басқа, уәкілетті орган сақтандыру ұйымының лицензиясынан айырған сәттен бастап портфельді бергенге дейін басталған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерін СТКҚ жүзеге асыру бойынша түзетулер көзделген. Бұл зардап шегушілерге сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімінің күшіне енген сәтін күтпей-ақ, сақтандыру төлемдерін уақтылы алуға мүмкіндік береді.

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қызметімен https://ipgf.kz/ сайтында танысуға болады.


Fingramota.kz-пен қаржылық сауатты болыңыз! Егер сізде осы тақырып бойынша сұрақтарыңыз болса, оларды біздің «Fingramota Online» мобильді қосымшамыздың «Сақтандыру» бөлімінде қоя аласыз. Қосымшаны App Store және Play Market - тен жүктеуге болады. Сондай-ақ, осы мобильді қосымшаның веб-нұсқасы қол жетімді.

 

white-arrow Тізімге