Жаңа жыл – керемет әрі көңілді мереке, бірақ бұл алаяқтар үшін де «тиімді» мүмкіндік.
Fingramota.kz мереке қарсаңында кездесуі мүмкін жаңа алаяқтық схемаларды жинап, олардан қалай қорғану, жақындарыңызды қорғау және мерекелік көңіл-күйді сақтап қалу жолдарын ұсынады.
Алаяқтар мереке қарсаңында адамдардың сақтықтан айырылып, уақытқа байланысты асығыс әрекет ететінін пайдаланады. Біз барлығын үлгергіміз келеді: сыйлықтар сатып алу, мерекелік дастархан дайындау, ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастыру. Барлығына уақыт жетпейтіндей көрінеді. Бірақ ақша мәселелерінде ешқашан асығуға болмайды. Сақ болыңыз – алдыңызда тұзақ та болуы мүмкін ғой?
Жалған Аяз ата мен Ақшақар қызметі
Көптеген ата-аналар балаларына сиқырлы мереке сыйлағысы келеді. Ал мұндайда Аяз ата мен Ақшақарсыз болмайды. Алаяқтар жыл сайын мереке қарсаңында интернетте, әсіресе әлеуметтік желілерде, аниматорлардың – көптен күткен қыстық мерекенің ертегідегі кейіпкерлерінің қызметі туралы жалған хабарландырулар жариялайды.
Оларға хабарласқан адамдардан алдын ала төлем талап етіліп, содан кейін байланыс үзілетін жағдайлар жиі кездеседі.
Тағы бір нұсқасы – «Аяз ата» мен «Ақшақар» келіп, мерекелік көңіл-күй мен адамдардың босаңсуын пайдаланып, үйді тонап кетуі мүмкін. Біреуі қонақтарды көңілдендіріп жатқанда, екіншісі құнды заттарды алып кетеді.
Кеңес: аниматор қызметін ұсынатын компанияның беделін әрдайым тексеріңіз. Сенімді ұйымдар суреттер, пікірлер мен қызметкерлердің деректерін жариялайды. Тіпті достар беретін ұсынымдарды да тексеріңіз, себебі компанияда ұжым ауысуы мүмкін немесе достарыңыз қызметті өзі қолданбай, тек естіген болуы ықтимал. Тексерілуі қиын күмәнді ресурстардан тапсырыс беруден аулақ болыңыз.
Жалған акциялар мен сайт-көшірмелер
Мереке қарсаңында дүкендердің көбі ауқымды жеңілдіктер мен акциялар туралы жариялайды. Бұл алаяқтар үшін тиімді мүмкіндік. Егер сақ болмасаңыз, фишинг сайттарға кіріп, дербес деректеріңіздің жария болу немесе құрылғыңыздың вирус жұқтыру қаупі бар.
Кеңес: онлайн-сатып алу жоспарланып отырған сайтты тексеріңіз; оң пікірлері бар сенімді платформаларды пайдаланыңыз; өте төмен бағалары бар ұсыныстарға сенбеңіз; жеке деректеріңізді енгізбеңіз – шынайы дүкендер ондай ақпаратты сұрамайды.
Жалған тауарларды сату
Өкінішке орай, тіпті ірі маркетплейстерге брендтік тауар ретінде арзан жалған өнімдерді сататын алаяқтар еніп кетуі мүмкін. Әрине, тауардың жалған екенін көрсететін Abibas немесе Christianin Dior сияқты атаулар жазылмайды – бәрі әлдеқайда күрделірек.
Кеңес: тек брендтің ресми өкілдерінен сатып алыңыз; тауардың таңбаларын арнайы қосымшалар арқылы тексеріңіз; тым төмен бағаларға сенбеңіз.
Құттықтау ашық хаттар
Тіпті мессенджердегі зиянсыз құттықтау хаттар да қауіп тудыруы мүмкін. Алаяқтар сіздің жақыныңыздың, мысалы, әжеңіздің аккаунтын бұзып, барлық таныстарын зерттеп, жалған құттықтау сілтемесімен хат жібереді. Мысалы: «Саған арналған жеке құттықтау, немерем, мына сілтемеде!». Сілтеме бойынша өтсеңіз, жеке деректеріңіз жоғалуы немесе сіздің гаджетіңізге құрылғы туралы барлық ақпаратты, жүктелген қосымшаларды және оларға құпиясөздерді оқитын вирус-шпион енуі мүмкін.
Кеңес: ешқашан күдікті сілтемелер бойынша өтпеңіз, тіпті оларды таныстарыңыз жіберсе де. Ашық хаттар сілтемелерсіз келеді. Күдікті «құттықтау» алсаңыз, оны жіберген адамға қоңырау шалып, бұзу әрекеті болуы мүмкін екенін ескертіңіз.
Жалған қайырымдылық
Мереке алдында адамдардың мейірімі оянып, басқаларға көмектескісі келеді. Мұны пайдаланған алаяқтар «балалардың армандарын орындау» үшін жалған қаражат жинауды ұйымдастырады. Өкінішке орай, сіздің ақшаңыз қылмыскерлердің қалтасына кетеді, ал балалар сыйлықсыз қалады.
Кеңес: тек беделді қайырымдылық қорларына көмектесіңіз. «Қоғамдық ұйымдардан» олардың балалар туралы әңгімесін растайтын құжаттарды сұрауға қысылмаңыз.
Мемлекеттік органдардан «сыйлықтар»
Бұл схема нақты аудиторияға – зейнеткерлерге бағытталған. Алаяқтар еріктілер немесе мемлекеттік органдардың өкілдері ретінде қарт адамдардың пәтеріне келеді. Арзан сыйлық әкелуі мүмкін, бірақ зейнеткерлердің сеніміне кіріп, оларды тонауы немесе үйдің жай-күйін қарап, кейіннен тонауға жағдай жасауы ықтимал.
Сондай-ақ, алаяқтар егде жастағы адамдарға қоңырау шалып, ХҚКО, әкімдік немесе коммуналдық қызмет өкілдері ретінде өзін таныстырып, «сыйлық» ұсынуы мүмкін. Сол арқылы құпия ақпаратты алдап алып, телефонға алаяқтарға құрылғыға қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін беретін қосымша жүктеуге мәжбүрлейді.
Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз және қаржылық сауаттылығыңызды бізбен бірге арттырыңыз!
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
AQYL дегеніміз не және білім беру депозитін онлайн қалай ашуға болады
Егер сізде бірнеше кредитіңіз болса: оларды мерзімінен бұрын қалай дұрыс өтеуге болады
Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?