Асан мен Үсеннің басынан кешкендері немесе ақша туралы хикая 6 тарау

time 27.07.2024
aye

– Бүгін біздің балалар әдеттегідей емес, ештеңе байқамадың ба? – деді Ирма Тілегенқызы жұбайына алаңдай қарап.           

– Не болып қалды? – Жарқын Арманұлы шошып кетті.

– Екеуі де көшеге шығып серуендеуді қойды, мектептен келе салысымен бірден сабақ оқуға кірісетінді шығарды. Олар спортпен айналысудан да, үйірмелерге барудан да бас тартты, тіпті компьютермен де ойнамайды!   

– Бұл шынымен де біртүрлі! – деп ұлдардың әкесі ойға шомып кетті. – Мұның жай-жапсарын анықтауға тырысып көрейін, – деді де ол балалардың бөлмесіне кетті.      

Асан мен Үсен қарбалас екен – үй тапсырмасын орындап жатыр. Түрлері шаршаңқы.  

Үстелдің жанында іші пысқан Ричи отыр – оның серуендеуге шыққысы келгені сонша, ойыншық салынған қораптан сүйікті добын алып шықса да,  ұлдар оған назар аудармады. Ал Рыжик мысықтың жайы жарасыпты, ол ноутбуктың жанындағы үстелде ұйықтап жатыр.  

  • Сендер осы ауырып тұрған жоқсыңдар ма? – деп Жарқын

Арманұлы ұлдарының маңдайын сипап көрді. – Дене қызуы қалыпты. 

– Жо-жоқ, біз сап-саумыз, – деді Асан мұңайған жүзбен,  кітаптан басын көтермей.

– Әлде мектепте қиналып жүрсіңдер ме? – деді әкесі уайымдап.

– Керісінше! – Үсеннің дауысы жарқын шықты. – Біз қазір сыныптағы ең үздік оқушымыз! 

– Бұл керемет қой, жарайсыңдар! – деді әкесі қуанып. – Әйткенмен, анаң екеуміз сендердің оқуға деген ерекше  құлшыныстарыңның себебін білгіміз келеді. Бір апта бұрын ғана сендерді үй тапсырмасын орындауға мәжбүрлеуші едік, ал енді серуенге шығара алмай қалдық қой. Бұл денсаулыққа зиян.

Балалар бір-біріне қарады:

– Айтуға тура келеді, – деп күрсінді Үсен.  

  • Ол былай ғой... –  Асан алыстан орағытып бастады. –  Сынып

сағаты үстінде біз кімнің қандай мамандықты армандайтыны жайында әңгімелестік. Мен банкте жұмыс істегім келетінін айттым.

  • Ал мен зоолог болуды жоспарлап отырмын, – деді Үсен.
  • Мәдина Абайқызы бізді мақтады да: «Таңдаған

мамандықтарыңды қай университетте оқуға болатынын, ол оқудың құны қанша екенін білеміз бе?» деп сұрады.

  • Біз осы уақытқа дейін бұл жайында ойлаған да жоқпыз ғой,

– деп ағасының әңгімесін Үсен жалғастырды. – Үйге келген соң  интернеттен ақпарат іздеуге кірістік.

  • Біз таңдаған мамандықтарды қай университетте оқуға

болатынын анықтауға екі күндей уақытымыз кетті. 

  • Есесіне, бір жылдық оқу ақысы қанша тұратынын да білдік...

Ұлдар күрсінді.

– Жалпы алғанда, қомақтылау сома шығады екен, оның үстіне біз екеуміз ғой...

  • Сол себепті грантқа түсу үшін күндіз-түні сабақ оқитын

болып шештік, – деп аяқтады Асан әңгімесін.

– Екеуіңнің сабақ үлгерімін жақсартпақ болғандарың, әрине, тамаша! – деп ұлдарын мақтады Жарқын Арманұлы. – Аттестаттағы жақсы баға – білім алудың мүмкіндігі, бірақ сендер спортпен айналысуды, үйірмелерге баруды, достарыңмен араласуды, серуендеуді қойдыңдар. Ричидің іші пысты. Екеуіңнің бізбен сөйлесуге де мұршаларың жоқ. Бұл дұрыс емес!  

Балалар күмілжіп қалды.

– Бізде басқа жол бар ма?        

– Әрине, мен соның бір нұсқасын ұсынайын. Анаң екеуміз оқуға ақша жинауға көмектесетін білім депозиттерін ашуды көптен бері жоспарлап жүрміз. Біз бірнеше жыл бұрын Айшаға да осындай депозит аштық. Сендердің салымдарыңа ай сайын аударып отыратын сома көп емес, бірақ біз жоспарлап отырған 10 жыл уақыт ішінде әрқайсыңа қажетті соманы жинай аламыз. Оның үстіне депозиттерге банк пайызы ғана емес, мемлекеттің сыйақысы да қосылады. Қалай, бұл идеямыз ұнай ма?

–  Ұнайды!

– Депозиттерді біз де толтыра аламыз ба?

–  Иә, әрине! – деді әкесі. – Мысалы, Айша қолөнер бұйымдарынан түскен ақшаның бір бөлігін депозитіне салады. Өздерің білетіндей, ол үздік оқиды және грантқа түсуге мүмкіндігі зор.

– Ал егер Асан екеуміз грантпен оқуға түссек, депозиттегі ақша жоғалып кете ме? – деп Үсен тәптіштеп жатыр.    

– Жоқ, –  деді оның аптығын басып әкесі. – Оларды, мысалы, магистратурада оқуға жұмсауға немесе жай ғана шешіп алуға болады. Ал енді үй тапсырмасын орындап болсаңдар, Ричиді қыдыртыңдар!   Достарың да ойын алаңында күтіп қалды. Ал білім беру депозиттерін келесі аптада ашамыз, қай университет қажеттігін бәріміз бірге анықтаймыз.  Әрмен қарай қолайлы шарттары бар банкті таңдаймыз.

Жас қаржыгердің қойын дәптері

Білім беру депозиті – банктегі арнайы ақша салымы. Оны  болашақта оқу ақысын төлеуге пайдалануға болады. Оның кәдімгі депозиттен айырмашылығы бар, оған тек банк пайызы ғана емес, сонымен бірге депозиттің сомасына қарай 7 пайыз көлемінде мемлекеттің сыйлықақысы қосылады.  

Пайдалы ақпарат жинағы

Депозитті Қазақстанда төрт банктен ашуға болады. 

Депозитке 10 миллион теңгеге дейін жинақтауға болады. Жинақтау мерзімі – 3 жылдан 20 жылға дейін.

Банк депозитке сыйақы есептейді, әр банктің өз мөлшерлемесі  бар. 

Депозитке, сондай-ақ, жылына 7 пайыздық мемлекеттік сыйлықақы төленеді. Егер мектеп түлегі грантқа түссе, жиналған қаражатты толығымен қайтарып алуға болады.  Ал егер сабағына селқос студент университеттен шығарылса және ол үш жыл ішінде оқуына оралмаса, мемлекет сыйақысын қайтаруға тура келеді.

white-arrow Тізімге