Қазіргі қарқынды цифрландыру заманында әлем біртіндеп онлайн-төлемге көшті: біздер көбіне банктердің мобильді қосымшаларын пайдаланып, тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін онлайн-төлемдер жасайтын болдық. Бұл жылдам әрі қолайлы, алайда оның да өзіне тән кейбір тәуекелдері бар. Осы тақырыпты бүгінгі мақаламызда сөз қыламыз.
Цифрлық және виртуалды карталар
Бүгінде қолма-қол ақшаның орнын банктік карталар мен электронды әмиян – яғни, электронды төлем жасау құралдары басты. Олардың қалай жұмыс істейтінін көпшілігіңіз білетін де шығарсыздар.
Электронды әмиян оператордың арнайы сайтында ашылады, сіздің төлем картаңыз оған таңылмауы да мүмкін. Сіз электронды әмияныңызға белгілі бір соманы аударып, төлемді не аударымды сол арқылы жасайсыз. Алайда, әмияндағы ең жоғары сома мен банк арқалы аударымдарға қатысты шектеулер бар.
Банк карталарына келер болсақ, ата-аналардың көбі балаларына қарапайым пластик карта алып беруге асықпайды, себебі оны жоғалтып алу оп-оңай. Олар өз мобильді банкингтерінде цифрлық немесе виртуалды карта ашады – бұл банк қызметтерін смартфон не планшет арқылы алуға болатын қолайлы сервис, оның көмегімен өз шотыңыз бойынша кез келген банк операциясын жүзеге асыра аласыз. Мұндай картаның қарапайым картадан ерекшелегі жоқ десе де болады, тек оның пластик тасымалдаушысы жоқ. Оны да телефоныңызға байланыстырып, тауарлардың ақысын төлей аласыз. Бірақ бұл онлайн-сауда тұрғысынан алғанда айтарлықтай қауіпсіз.
Егер, мысалы, сіз виртуалды немесе цифрлық карта байланыстырылған телефоныңызды жоғалтып алсаңыз, болмаса ол қаржылық алаяқтардың қолына түссе, олар ата-анаңыздың негізді, жалақы карталарына қол жеткізе алмайды. Әкеңіз немесе анаңыз мобильді банк қосымшасы арқылы картаңызды бұғаттап, жаңасын шығара алады. Телефоныңыз үшін ғана ішіңіз ашиды, сондықтан, гаджеттеріңізге мұқият әрі сақ болыңыздар.
Төлемдер мен аударымдар қалай жұмыс істейді?
Мобильді банкингте ақшаны телефон нөмірі немесе карта нөмірі арқылы аударған, сондай-ақ әртүрлі тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлеген қолайлы.
Қолма-қол ақша аударуды дәстүрлі тәсіл – кез келген банктің немесе Қазпоштаның бөлімшесінде жүзеге асыруға болады. Бұл үшін банкте өтінішке қол қойып, ақша түсуге тиіс банктің аты мен деректемелерін, сондай-ақ ақшаны алушының аты-жөні мен төлқұжат деректерін көрсету қажет. Алушыға қашаны банктің кассасында береді. Кейде жай ғана ақшаны алушының банк шотын көрсетуді сұрайды.
Ақшаны аудару кезінде үш тарап қатысатынын біліңіз: ақшаны аударатын адам, оны алатындар және делдал – бұл екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ. Аударым қызметі үшін әдетте ақшаны салушыдан комиссия ұсталады, бірақ егер аударым бір банк ішінде бір клиенттің шотынан екінші клиенттің шотына жүзеге асырылса, көбінесе тегін болады.
Өзімізді онлайн-алаяқтардан қалай қорғаймыз?
Онлайн-төлемдердің өсуімен бірге алаяқтар да көбейе түсті. Алаяқтар әртүрлі айла-тәсілді пайдаланып, адамдарды өздерінің төлем карталарының деректерін өздері беруге немесе іс жүзінде жоқ тауар немесе қызмет үшін ақша аударуға жасауға итермелейді.
Мысалы, көп жағдайда хакерлер адамдардың әлеуметтік желілердегі және мессенджердегі парақшаларын бұзып, солардың атынан басқаларға щұғыл ақша аударуды өтініп хабарлама жолдайды. Мысалы, әлеуметтік желідегі досыңыз ота жасау үшін шұғыл ақша аударуды өтініп жаза алады. Бұл жағдайда бірден өзіне хабарласып, осы ақпараттың шын не жалған екенін нақтылаңыз.
Алаяқтар сонымен қатар байқаусызда басқа телефон нөміріне ақша жіберіп алғандарын хабарлап, SMS жолдап, осы соманы қайтаруды өтінеді. Осы хабарды ата-аналарыңызға көрсетіңіздер, олар мобильді банкингтен ақшаның түскені жайлы ақпаратты тексерсін, егер ақпарат рас болып шықса, онда ақшаны өздеріңіз қосымша арқылы аудармай, бұл туралы банкке хабарлау қажет.
Көп жағдайда алаяқтар фишинг сайттарға сілтемелер бар хабарламалар таратады. Мысалы, «Сіз жаңа айфон ұтып алдыңыз, толығырақ сілтемеде…», «Сәлемдемені жеткізу үшін жасалған артық төлемді карта арқылы қайтарамын – картаның деректерін енгізіңіздер…», «Картаның қолданылу мерзімін айтыңыз, тоңазытқыш үшін алдын-ала төленген соманы аударамын» және т.б. Сілтеме арқылы олар сізден төлем картасының деректерін, тіпті, оның арғы бетіндегі ешкімге айтуға болмайтын CVV/CVC-кодқа дейін жазуды сұрайды. Мұндай деректерді алғаннан кейін алаяқтар картадағы барлық ақшаны оп-оңай шешіп, тіпті негізгі картаның иесі болып табылатын ата-аналарыңыздың бірінің атына еш қиындықсыз кредит рәсімдей алады.
Алаяқтар банктің қауіпсіздік қызметінің атынан хабарласып, төлем картасының деректерін айтуды өтінуі мүмкін, сондай-ақ олар бұл өте шұғыл деп әдейі айтады. Осылайша, олар сізге ойлануға және банкке хабарласып жағдайды сұрастыруға және ақпаратты тексеруге мүмкіндік бермейді. Олар дәл қазір карта шотына хакерлік шабуыл жасалып жатыр, сондықтан тезірек оның алдын алу керек деп ертегі құрастыруы да ғажап емес. Бұл үшін оларға CVV/CVC-код, картаның жарамдылық мерзімі және SMS-хабардағы код керек.
Сондай-ақ, тауарға немесе көрсетілген қызмет үшін ақы төлеу кезінде алаяқтар аударымның олардың телефонындағы мобильді қосымшада жасалғанын көрсетіп, «ақша дәл қазір емес, 2-3 күннен кейін келеді» дейтін жағдайлар кездеседі. Әрине, олай болмайды. Себебі олар шынайы мобильді қосымшаны емес, банктер кейбір жағдайларда өз клиенттеріне тестілеуден өткізуді ұсынып жататын оның демо-нұсқасын көрсетеді. Оның демо-нұсқа екені жөніндегі жазуды саусағымен жауып тұруы мүмкін. Сонымен қатар, банктің мобильді қосымшасының демо-нұсқасында нақты дербес деректер көрсетілмейді. Егер алушының картасының шынайы нөмірін енгізетін болсаңыз, демо режиміндегі қосымшада картаның ойдан шығарылған иесінің аты-жөні ғана көрсетілуі мүмкін. Нақты аударым жасалған кезде сатып алушы экранда өзінің атын, әкесінің атын және тегінің бірінші әрпін көруі тиіс.
Әркез сақ болыңыздар: телефон, планшет немесе басқа да кез келген сыйлықтар ұтып алу туралы хаттардың сілтемелеріне өтпеңіздер, интернеттегі күмәнді сайттардан ештеңе сатып алмаңыздар, ақша аударымдары туралы хабарларды тексеріңіздер. Әрқашан ата-аналарыңызды көмекке шақырыңыздар, олардың жұмыстан оралуын күтіп немесе қоңырау шалу қажет, сондай-ақ үлкендерден кеңес сұраудан ұялмаңдарыздар.
Егер ата-аналар сен үшін пластикалық карта ашса, онда оның PIN-кодын ешкімге айтпаңыз, оны картаның өзіне немесе кейбір адамдар картамен бірге сақтайтын қағазға жазбаңыз. ПИН-кодты банкомат арқылы немесе мобильді банктік қосымшаның көмегімен оңай өзгертуге болады.
Өз картаңызды ешкімге, тіпті уақытша беруге болмайды. Мысалы, даяшыға, ол сіздің үстеліңізге көшірмелі POS терминалды әкелуі немесе сізді кассаға төлеуге шақыруы керек. Ал егер де картаны кенеттен жоғалтып алсаңыз, онда дереу ата-анаңызға немесе банкке оны уақытша бұғаттау туралы өтінішпен қоңырау шалу қажет.
Киберқауіпсіздік мамандары, сондай-ақ интернет-банкке немесе мобильді банкке кірген кезде ашық Wi-Fi нүктелерін (интернет қоғамдық орындарда: көлікте, кафелерде, кинотеатрларда, сауда орталықтарында) пайдаланбауға және әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызда қымбат бұйымдар сатып алғаныңызды, пәтеріңіздегі дүние-мүлкіңізді көрсететін фотосуреттер мен бейне жазбалар немесе үйде біраз уақыт болмайтыныңыз, мысалы, ата-анаңызбен демалысқа кететініңіз туралы посттарды жарияламауға кеңес береді. Осы аталған деректердің барлығы, әсіресе, аккаунтыңыз ашық болып, кез келген адам сіз жөнінде ақпаратты оқи алған жағдайда алаяқтарды, ұрыларды қызықтыруы мүмкін.
Интернетте сауда жасау: кэшбэктің көмегімен қалай табыс табуға болады?
Интернетте сатып алу ыңғайлы және тез. Оны сіз және сіздің ақшаңыз үшін қауіпсіз болуы жөнінде жоғарыда атап өттік. Бастысы - оны тексерілген сайттарда жасаған дұрыс. Ақша әдеттегі дүкендерге қарағанда виртуалды дүкендерде білінбей жұмсалады. Банктердің арнайы ұсыныстары мен интернет-сервистердің көмегімен онлайн-шопингті тиімді етуге болады.
Техника, киім-кешек, азық-түлік, авиабилеттерді сатып алуға, такси, сондай-ақ қалаған қызметтеріңіз үшін ақы төлей отырып, ол үшін ақша алуға да болады. Мұндай мүмкіндікті кешбэк береді, яғни сауда-саттықтан соң белгілі бір уақыттан кейін ақшаның бір бөлігін картаңызға қайтару. Мәселен, тауарды сатып алған немесе кафеде түскі астан кейін картамен төлем жасап, бірден немесе айдың соңында сіз жұмсалған сомаңыздан белгілі бір пайызды қайтарып аласыз. Әдетте 1-ден 5%-ға дейін, кейбір жағдайларда банктер кешбэктің бұдан жоғары пайызын ұсынады. Осылайша, банктер өз клиенттерін электрондық төлемдерді белсенді пайдалануға, өздерінің картасы арқылы көбірек төлемдер жасауға ынталандырады.
Банктердің кэшбэкінен басқа арнайы онлайн-сервистердің кэшбэгі де бар. Бұл сайттар онлайн-дүкендермен жұмыс істейді, оларға жұмсалған қаражаттың бір бөлігін қайтаруға уәде беріп, клиенттерді тартады. Сервис осылайша ақша табады, сол ақшаның есебінен сатып алушыға ақша төленеді. Онлайн-сауда кезінде ақшаның бір бөлігін қайтарып алу үшін арнайы кешбэк-сервистерге тіркелу қажет. Әдетте шамамен 5% қайтарылады, бірақ науқан кезінде пайыз 15-40%-ға дейін жетуі мүмкін, Алынған ақшаны шотта сақтау немесе келесі саудаға дейін ұстау міндетті емес – оларды мобильді телефоныңызға, банк картасына аударып, сондай-ақ ақша шығаратын сервистер арқылы (Webmoney, Яндекс.Деньги, PayPal немесе QIWI) шығарып алуға болады.
Бонус түріндегі кешбэктер де болады. Әдетте оларды тек серіктес-дүкендерден жеңілдік алу үшін пайдалана аласыздар.
Онлайн сатып алу кезінде не нәрсеге назар аудару керек?
Интернет-дүкендерде көбіне ақшаны бірден төлеу керек, ал тауар кейін келеді. Дегенмен, тауарды жібере ме? Алданып қалмау үшін келесі жағдайларға мұқият мән беру керек.
Ең әуелі, интернет-дүкеннің сайты өте сапалы болуы тиіс. Яғни ол кез келген сәтте өшіріп немесе ауыстырып тастауға болатын әлеуметтік желідегі қарапайым парақша емес. Веб-парақшаның шифрлануына мән беріңіз. Мекенжайының алдында http емес https болуы керек (s жоғары қауіпсіздікті көрсетеді).
Сайтта сатушының байланыс және тіркелу деректері көрсетілуі тиіс. Бұл телефон нөмірлері, e-mail, заңды деректері мен банк деректемелері. Қажет болса тіркелгенін салық қызметінің сайтынан тексере аласыздар. Сондай-ақ сұрақтарға жедел түрде жауап беретін, сату жөніндегі менеджерлердің телефондары көрсетіледі. Сонымен қатар онлайн-кеңесшілер мен пікірлердің де болғаны жақсы. Айтпақшы, бұл дүкен туралы пікірді желідегі кез келген іздеу жүйесі, сондай-ақ әлеуметтік желідегі топтардан, пікірлер арқылы да біле аласыздар.
Сіз не сатып алып жатқаныңызды, моделін, өлшемін, түсін, фасонын және басқаларын нақты түсінуіңіз үшін интернет-дүкендегі тауар жан-жағынан толық көрсетілуі тиіс.
Интернет-дүкендегі төлем жасау және тауарды және қызметті жеткізу тәсілдері қарапайым, түсінікті және қауіпсіз болуы тиіс. Бірнеше төлем жасау әдісі бар дүкендерді таңдаңыз. Бұл компанияның маңыздылығын көрсетуі мүмкін. Сауда құнын нақтылап алыңыз. Көтерме және бөлшек сауда арасында құн айырмашылығы болады.
Тауардың қолда бар-жоғын нақтылап алыңыз, өйткені ол қоймада болмаған жағдайда, тауар шетелден келгенге дейін қосымша күтуіңізге тура келеді. Жеткізілімді қандай көлік компаниясы жүзеге асыратынын біліп алған жөн. Тауарды және ақшаңызды қайтару мүмкін бе, ол үшін қандай талаптар қойылатынын анықтаңыз, дегенмен заң бойынша мұндай мүмкіндік бар. Әдетте интернет-дүкендер киімді немесе басқа да тауарды өлшеп көру және қайтару мүмкіндігімен жеткізеді.
Артық шығындануды қалай тоқтатуға болады және интернеттегі жаппай сатылымдарда қалай үнемдеуге болады?
Сауда жасаған кезде ақшаны саналы түрде жұмсау керектігін есте ұстаңыз, артық тауарларды оларға жеңілдік берілгендіктен ғана сатып алудың қажеті жоқ. Картаңызда қанша ақша қалғанын, ата-анаңыз картаңызға қандай лимит белгілегенін жиі тексеріп тұрыңыз, жоспарланған саудаға жұмсалатын шығындарды, одан кейін басқа маңызды шығындарға, мысалы жол жүруге ақша қалады ма, жоқ па соны жобалап есептеп қойыңыз
Дүкендерге сатып алушылар барынша көп сауда жасағаны өте маңызды болғандықтан, олар сізді жеңілдіктермен, бонустармен қызықтырып, осы әрекетке бар күшімен итермелейтінін есте сақтаңыз. Осы жерде де көп нәрсе дер кезінде өзіңізге «Тоқта!» деп айта білуіңізге байланысты. Ойлану үшін тауарды қоя тұрыңыз, сізге ең қажетті заттардың тізімін алдын ала жасап, сол тізімнен ауытқымауға тырысыңыз. Сондай-ақ, осы айда сауда жасауға жұмсай алатын ең көп сомаңызды жазып қойыңыз.
Үнемдеу кезінде ең бастысы — «керекті» «қалаймыннан» ажырату. Шын мәнінде керек заттар тізімнің бас жағында тұруы керек. Ал енді еркелікті кейінге қалдыра тұруға болады. Адамдардың басым бөлігінде ақшаның тең жартысы дәл осындай бір сәттік «әлсіздікке» жұмсалады. Бірдеңені сатып алмай тұрып өзіңізден: «Осы маған шынымен керек пе?» деп сұраңыз.
Сондай-ақ әрине жарнамалық акцияларға сақтықпен қараған жөн. Кейін үстінен ақша қосып тауарға алмастыруға болатын саудаңызға берілген бонус немесе «әр сегізінші тауар сыйлыққа» секілді ұсыныстар — жай ғана сыйлыққа (көбіне мүлде пайдасыз) елітіп, керек мөлшерден көбірек сауда жасатудың амалдары. .
Мерекелік шығын: балалар мен олардың ата-аналарына бірнеше маңызды ереже мен лайфхак
Алдымызда Жаңа жыл. Туған-туысқандарыңызға алатын сыйлықтарыңыз бюджетіңізді тұтас тауысып тастамауы үшін алдын ала бұған қанша сома жұмсай алатыныңызды жазыңыз. Дүкендердегі мерекелік жеңілдіктер мен науқандарды пайдаланыңыз. Достарыңызбен немесе туыстарыңызбен келісіп, кей сыйлықтарды бірге алуға да болады: кейде бір затты жеке сатып алғаннан, бірден бірнеше затқа тапсырыс берген арзанға түседі. Сатушыдан тым болмаса 1% не 5% жеңілдік жасай аласыз ба деп сұраудан қысылмаңыз.
Естеріңізде болсын, кейде сыйлық емес, көңіл қымбат. Әрдайым қолдан жасалған дүниелер жоғары бағаланады, себебі адам оған шын көңілі мен уақытын бөледі. Интернетте сыйлықты өз қолыңызбен жасауға үйрететін қаншама шеберлік-сыныптары бар. Айтпақшы, ән салып, тақпақ айтып, торт пісіріп, сыйлық ретінде өлең шығаруға да болады. Бұл сіздерді шынайы жақсы көретіндер үшін баға жетпес сыйлық болады.
Fingramota.kz сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтайды. Барлық армандарыңыз орындалып, қаржылық мақсаттарыңызға қол жеткізе біліңіздер! Бізбен бірге қаржылық сауаттылықтарыңызды арттыра түсіңіздер!
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт