Қате аударым: ақшаны қалай қайтаруға болады

time 6.09.2021
aye 4433
Қате аударым: ақшаны қалай қайтаруға болады

Сіз танысыңызға ақша жібердіңіз, бірақ ол оны алған жоқ. Аудару кезінде сіз ұялы телефон нөмірінің немесе карта, шот деректемелерінің нөмірінде қате жібергеніңіз және сома мүлдем бөтен адамға кеткені белгілі болды. Егер сіз оған арналмаған төлемді қайтару туралы келісе алсаңыз жақсы. Егер жоқ болса? Айтпақшы, сіздің шотыңызға қаражат түскен жағдай да болады, бірақ сіз жіберушінің кім екенін білмейсіз. Fingramota.kz сізге осы жағдайларда не істеу керек екенін айтады.

Ақшаны қайтару қиын, бірақ қайтаруға болады. Басқа адамның немесе ұйымның шотына қаражат түскеннен кейін банк оларды кері қайтара алмайды. Ол мұны істеуге міндетті емес. Әрине, сіз алушымен байланысып, соманы өз еркімен қайтаруды сұрай аласыз. Бас тартқан кезде тек сотқа жүгіну және ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз беру ғана қалады, себебі қолданыстағы заңнамада ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес бұл әрекет «негізсіз баю» ретінде қаралады. Сондай-ақ, сіз ҚР Ұлттық Банкінің қолданыстағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп ала аласыз.

Егер ақша біреудің телефон нөмірі арқылы жіберілсе не істеу керек?

Сіз телефон нөмірі бойынша жедел төлем жасадыңыз, бірақ цифрдан қате жібердіңіз. Бұл операцияны банк арқылы қайтарып алуға болмайды. Алушымен хабарласып, қате аударым жасағаныңызды түсіндіріп көріңіз, түскен соманы қайтаруды сұраңыз. Ол адам сізге сенуі және алаяқ ретінде қабылдамауы үшін шотты тексеруді ұсыныңыз. Алушы сіздің жағдайыңызды түсініп, содан кейін ақшаны кері аударыммен қайтаруы мүмкін.

Егер ақша басқа біреудің карта немесе шот нөмірі арқылы жіберілсе не істеу керек?

Егер сіз карточканың немесе шоттың дұрыс емес нөмірі бойынша ақшаны қате жіберген болсаңыз, банкке хабарласып, бәрін түсіндіріп, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатындығын білуіңіз керек. Сонымен қатар, бұл жағдайда банк төлемді біржақты түрде кері қайтара алмайды. Әрбір банктің осындай мәселелерді шешудің өз рәсімі бар. Көбінесе, егер аударым дұрыс емес банктік шотқа сәтті жіберілсе, ақшаны алушының келісімімен ғана қайтаруға болады.

Егер ақша аудару процесі жүріп жатқан болса, онда операцияны болдырмауға болады. Егер сіз қате жіберіп, жоқ банктік деректерді көрсетсеңіз, төлем жасалмайды және ақшаны қайтару автоматты түрде жүреді.

Толығырақ «Төлемдер мен аударымдар» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге