Инвестиция деген не және олар қандай болады?

time 6.12.2021
aye 7014
Инвестиция деген не және олар қандай болады?

Адамдар ақша табу үшін жұмыс істейді. Инвесторлар болса, ақша тауып қана қоймайды, сондай-ақ ақшаны өзіне жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Бүгінгі шығарылымда инвестиция деген не және ақша өсу үшін оны қайда салған дұрыс деген сияқты сұрақтарды талқылаймыз.

Сіздер ақша жинауды үйрендіңіздер, енді белгілі бір «қаржылық қауіпсіздік жастығы»  – ақша қоры пайда болды. Бұл ақшаны пайдаланудың ең дұрыс жолы – инвестициялау, яғни оны түрлі қаржы құралдарына салу. Енді сол құралдарға толығырақ тоқталайық.

Сонымен, инвестициялаудың қандай тәсілдері бар?

Инвестиция – ақшаны болашақта табыс табу мақсатында салу. Сіз ақшалай қаражатты салған кезде инвестор атанасыз.

Инвестициялаудың түрлі тәсілдері бар. Ең кеңінен тарағаны – банкке салу немесе, басқаша айтқанда, депозит. Бұл сенімді әрі қауіпсіз қаржы құралы. Инвесторлар депозиттерді көбіне ақша табу үшін емес, ақшаларын сақтау үшін таңдайды, оның үстіне қазақстандық банктерге салынған салымдарды мемлекеттің өзі қорғайды.

Ақша салудың тағы бір тәсілі – жылжымайтын мүлікке инвестициялау: үйлерді, пәтерлерді, бизнес-орталықтарын сатып алып, кейін жоғары бағада қайта сату немесе жалға беру. Алайда оны сатып алу үшін қомақты қаражат керек. Сондай-ақ шығыны да аз емес. Бұл салық төлеу, коммуналдық қызмет (жарық, жылу, газ, су және т.б.) ақысын төлеу, жөндеу жұмыстары және өзге де шығындар.

Жинақтап сақтандыруды да инвестиция құралы ретінде қарастыруға болады. Оның көмегімен, мысалы, оқу немесе той секілді маңызды мақсат үшін ақша жинауға болады. Өмірді жинақтау арқылы сақтандыру полисі адамды қорғап, оның қаржылық тұрақтылығына кепілдік береді. Алайда бұл қаржы құралының да артықшылығы мен кемшілігі бар: болашақта опық жеп қалмас үшін, сақтандыру шартын мұқият оқып, зерделеу қажет. Жалпы, кез келген шартқа қол қоймай тұрып, оның талаптарымен егжей-тегжейлі танысып алған абзал.

Инвестиция үшін барынша белгілі қаржы құралы бағалы қағаздар болып табылады – бұл меншік құқығын немесе оның иесі мен оны шығарған ұйым арасындағы қарыз қатынастарын куәландыратын ақшалай құжат. Бағалы қағаздар қор активтері, ал бағалы қағаздар нарығы қор нарығы деп аталады. Бағалы қағаздардың алуан түрлері бар – акциялар, облигациялар, вексельдер, чектер, кепілзаттар, жинақ сертификаттары және т.б.

Олардың артықшылығы – кірістілігі депозитке қарағанда көбірек, бірақ тәуекелі жоғары. Сондықтан сәтті салу үшін инвестордың бағалы қағаздар нарығының қалай жұмыс істейтіні жөнінде білімі болуы керек, ондағы жағдайды үнемі талдап, белгілі бір бағалы қағаздарды сатып алу арқылы дұрыс тәуекелге баруы керек. Себебі, егер инвестициялық стратегия дұрыс таңдалмаса, онда барлық кірісіңізді бір сәтте жоғалту қаупі жоғары болады.

Қызықты фактілер:

АҚШ-та мемлекеттік жинақ облигацияларын жаңа туған балаларға немесе туған күн иелеріне сыйлау дәстүрі бар. Осылайша, олар елдің экономикасының дамуына жағдай жасай отырып болашақта пассивті кіріске ие болады. Пассивті кіріс — бұл сіздің жасыңызға, денсаулығыңызға және жұмыс қабілеттілігіңізге қарамастан, тұрақты түрде түсіп тұратын кіріс.

Толығырақ мына бөлімнен оқыңыздар  https://fingramota.kz/kk/kids-app/publication/investiciya-degen-ne-zhne-olar-andaj-bolady

white-arrow Тізімге