Кредиттік рейтинг, скоринг және борыш жүктемесінің коэффициенті деген не

time 22.04.2026
aye 309
Кредиттік рейтинг, скоринг және борыш жүктемесінің коэффициенті деген не

 Әрбір банк кредит бермес бұрын қарыз алушыны бірнеше өлшемдер бойынша бағалайды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы: кредиттік рейтинг, скоринг және борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК). Осы өлшемдер сізге кредитті қандай шарттармен мақұлдайтынын анықтайды.

Оның қалай жұмыс істейтінін Fingramota.kz-пен бірге қарастырып көрелік. 

Кредиттік рейтинг

Кредиттік рейтинг - бұл сіздің төлем тәртібіңіз бен қаржылық сенімділігіңізді көрсететін негізгі көрсеткіш. Ол кредиттік тарих негізінде қалыптастырылады және ресімделген қарыздардың саны, төлем мерзімін өткізудің болуы және жиілігі, сондай-ақ міндеттемелерді уақтылы өтеу сияқты факторларды ескереді. Шын мәнісінде, кредиттік рейтинг банктерге тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді: ол неғұрлым жоғары болса, кредитті мақұлдау ықтималдығы да соғұрлым жоғары болады және банктер сізге кредиттің сомасын және неғұрлым төмен пайыздық мөлшерлемені қоса алғанда, оны барынша тиімді шарттармен ұсына алады.

Кредиттік рейтинг төмен болған кезде банктер мен микроқаржы ұйымдары «Кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Заңға сәйкес қарыз беруден бас тартуға құқылы. Бұдан басқа, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талаптары қаржы ұйымдарын қарыз алушының төлем қабілеттілігін міндетті түрде бағалауға міндеттейді.

Қазақстанда әрбір азамат жылына бір рет ақысыз негізде өзінің кредиттік есебін алуға құқылы. Оны бірнеше тәсілдермен: онлайн — eGov.kz порталы немесе Бірінші кредиттік бюроның (1cb.kz) сайты арқылы, сондай-ақ офлайн — Мемлекеттік кредиттік бюроға, Бірінші кредиттік бюроға, ХҚО-ға немесе Қазпошта бөлімшесіне жеке куәлікпен жүгіну арқылы жасауға болады.

Скоринг

Скоринг — қарыз алушыны автоматты түрде бағалау жүйесі. Банк сіздің деректеріңізді талдайды және белгілі бір балл береді, ол неғұрлым жоғары болса, сіз банк алдында сенімді клиент болып көрінесіз. Бұл ретте әрбір банкте оның талабына сай әзірленген жеке компьютерлік бағдарлама бар екенін есте сақтау маңызды, сондықтан ескерілетін көрсеткіштер де өзгеше болуы мүмкін. Бірақ, әдетте, қарыз алушының кірісі мен оның тұрақтылығы, жұмыс орны мен еңбек өтілі, білімі, жасы, отбасы жағдайы, кредиттік тарихы, басқа да кредиттерінің болуы есепке алынады. Көрсеткіштердің әрқайсысы маңызды және қорытынды скорингтік балға әсер етеді, бірақ оның қыр-сыры да бар. Мысалы, оң кредиттік тарих отбасылық жағдайының мәртебесіне қарағанда маңыздырақ, ал кіріс деңгейі білімге қарағанда маңыздырақ. Дегенмен, әрбір фактор өз үлесін қосады және жиынтығында қарыз алушының қорытынды бағасын жақсартуы да, нашарлатуы да мүмкін.

Осылайша, скоринг кезінде сіздің қаржылық досьеңізге (сіз қалай төледіңіз, төлем мерзімін өткізу болды ма) талдау жасалып қана қоймай, қазіргі, сондай болашақтағы жағдайыңыз (сіздің қаржылық жағдайыңыз және одан әрі төлей аласыз ба) талданады. Егер тіпті кірісіңіз жоғары болып, жүйе тәуекелді жоғары деп есептесе, кредит беруден бас тарту ықтимал.

Скоринг қарыз алушыға жоғары, орташа немесе төмен балл береді. Олар мынаны білдіреді:

  • жоғары — стандартты немесе анағұрлым тиімді шарттар, мысалы, төмендетілген пайыздық мөлшерлеме және кредиттің үлкен сомасы;
  • орта — мақұлдайды, бірақ сомасы немесе мерзімі бойынша шектеулермен мақұлдайды;
  • төмен — көбіне қарыз беруден бас тартуды білдіреді.

Борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК)

Бұл банктер мен МҚҰ қарыз алушының қаржылық жағдайын бағалайтын және кредитті мақұлдау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. БЖК адамның борыш міндеттемелерін қаншалықты дұрыс атқара алатынын бағалауға көмектеседі: ол неғұрлым жоғары болса, қарыз алушының кредит бойынша уақтылы төлей алмау тәуекелі соғұрлым жоғары болады. Қысқаша айтқанда, БЖК сіз кредиттерге қызмет көрсетуге кірістің қандай үлесін жұмсайтыныңызды көрсетеді.

Коэффициент мынадай қарапайым формула бойынша есептеледі: кредиттер бойынша ай сайынғы төлемдер қарыз алушының орташа айлық кірісіне бөлінеді. Есептеу кезінде барлық міндетті төлемдер есепке алынады: ипотека, машинаға кредит, кредиттік карталар бойынша лимиттер, тұтынушылық қарыздар, микрокредиттер. Кіріс соңғы жарты жылдық үшін есепке алынады және ресми және құжаттамалық түрде расталған түсімдерді (шәкіртақы, еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы және т.б.) қамтиды.

Мысалы, егер адамның кредиттер бойынша төлемдері 120 000 теңгені, ал кірісі 300 000 теңгені құраса, БЖК 0,4-ке тең болады. Бұл ретте Қазақстанда азаматтар үшін БЖК шекті мәні – 0,5, ай сайынғы төлем ай сайынғы кірістің жартысынан аспауға тиіс. 

Соңғы 12 айда 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздары болған азаматтар үшін БЖК ең жоғары мәні 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендейді. Бұл банктер жаңа кредит берген кезде жүктеме ретінде осындай қарыз алушы кірісінің бұрынғы 50%-дың орнына 25%-нан аспайтын соманы ғана есепке ала алатынын білдіреді. Мысалы, кіріс 300 000 теңге болған жағдайда ең жоғары жол берілетін ай сайынғы төлем 150 000-ден 75 000 теңгеге дейін төмендейді.

Бұл шектеу дефолттардың қайталануын және шамадан тыс кредит алудың алдын алу үшін енгізіледі.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге