Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек

time 11.12.2024
aye 2071
 Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек

2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда Еурохаттама – полиция мен сот қызметкерлерінің қатысуынсыз ұсақ ЖКО жүргізушілерінің оңайлатылған ресімдеуі сияқты рәсім жұмыс істей бастады. Бұл – өте ыңғайлы әрі пайдалы құрал екені сөзсіз.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) сақтандыру нарығын дамыту басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Бәкешов Fingramota.kz-пен Еурохаттама бойынша маңызды ақпаратпен бөлісті.

Еурохаттама Қазақстанда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Бұл ЖКО кезінде сақтандыру жағдайын ресімдеудің жеңілдетілген рәсімі – яғни, егер сіз Еурохаттаманы қолдансаңыз, апатты тіркеу үшін полицияны шақырудың қажеті жоқ. Дегенмен, сақталуы қажет белгілі бір шарттар бар.

Біріншіден, жол-көлік оқиғасына қатысқан екі автомобильдің қолданыстағы міндетті автокөлікті сақтандыру полистері болуы керек. Залал сомасы 100 АЕК-тен (2024 жылы 369,2 мың теңге) аспауға тиіс және ЖКО-ға қатысушыларда кінәлі болуына қатысты келіспеушіліктер болмауға тиіс. Бұдан басқа, ЖКО қатысушыларына және (немесе) үшінші тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне зиян келтірілмеуге тиіс. Егер Сіз үшінші көлікке немесе жаяу жүргіншіге зиян келтірсеңіз, Еурохаттаманы рәсімдеу мүмкін емес.

«Еурохаттама онлайн-режимде Play Market және App Store дүкендерінен жүктеуге болатын сақтандыру ұйымдарының интернет-сервистері немесе мобильдік қосымшалары арқылы ресімделеді. Сонымен бірге нарықта Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (СТКҚ) әзірлеген «Еурохаттама» бірыңғай қосымшасы бар. ЖКО болған жағдайда, Сіз тіркеуден өтіп, барлық қажетті деректерді толтырасыз, құжаттарды қоса беріп, оларды мобильдік қосымшасы арқылы сақтандыру компаниясына жібересіз. Сәтті жіберілгеннен кейін Сізге Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан өтініштің қабылданғаны туралы SMS келеді. Содан кейін ғана сіз оқиға орнынан кете аласыз, себебі жүйе барлық қажетті деректерді алды», - деп түсіндірді Мақсат Бәкешов.

Бұл ретте, бір мәселе бар – мобильді интернет немесе Wi-Fi болмаған жағдайда, Еурохаттаманы сол жерде рәсімдеу мүмкін емес. Сондықтан, егер ЖКО айдалада орын алса, бұл форс-мажорды басқа жолдармен шешуге тура келеді.

Айта кетейік, Қазақстанда бүгінгі таңда барлық сақтандыру жағдайлары тіркеліп, сақтандыру базасына енгізіледі. Еурохаттама, кез келген басқа сақтандыру жағдайы сияқты, 2025 жылы сақтандыру құнына бірнеше факторлар ескеріле отырып әсер етеді: жүргізушінің жасы, оның тәжірибесі, көлік типі, пайдалану мерзімі, өңір, сондай-ақ жүргізушінің жүргізу тәртібіне байланысты сақтандыруға белгіленетін жеңілдіктер мен сыйлықақылар.

Кез-келген тәжірибелі автокөлік иесінде ақылға қонымды сұрақ туындауы мүмкін: егер зақымдану мөлшері талаптарда көрсетілгеннен жоғары болса ше? Сіз Еурохаттаманы пайдаланып, жәбірленуші ретінде төлем алған кезде, сізде үлкен соманы талап етуге құқығыңыз болмайды.

Егер сіз залал сомасы 100 АЕК-тен жоғары екенін байқасаңыз, ресімдеу сатысында жол полициясына жүгініп, барлығын әдеттегідей ресімдей аласыз -онда жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін өтемақы сомасы 600 АЕК-пен шектеледі (2024 жылы 2,2 млн теңге). Сондай-ақ, залал сомасы 100 АЕК-ке дейін болатын жағдай болуы мүмкін, алайда жүргізуші соңғы төлеммен келіспейді. Мұндай жағдайларда сақтандыру омбудсманына жүгіну ұсынылады, ол өтінішті екі айға дейінгі мерзімде тегін қарайды. Сіз өтінішті сақтандыру компаниясы арқылы немесе тікелей сақтандыру омбудсманының кеңсесіне жібере аласыз.

«Сондай-ақ сақтандыру омбудсманының сайты жұмыс істейді, өтініштерді сайт арқылы жіберуге болады. Алайда, сақтандыру омбудсманы барлық өтініштерді қарамайтынын білген жөн. Мысалы, ол азаматтар мен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің сақтандырудың барлық түрлері бойынша өтініштерін қарайды. Ал ірі заңды тұлғалар, мәселен, оған тек міндетті автосақтандыру шеңберінде ғана жүгіне алады. Және де өтініштердің сомасы 10 мың АЕК-тен (2024 жылға 37 млн теңге) аспауға тиіс. Бұл ретте, омбудсманның шешімі өтініш беруші үшін емес сақтандыру компаниялары үшін міндетті болады. Егер өтініш беруші омбудсманның шешімімен келіспесе, онда ол сотқа жүгінуге құқылы. Сақтандыру ұйымы омбудсманның шешімін алған кезде оны орындауға және омбудсман айқындаған соманы жәбірленушіге төлеуге міндетті» - деп атап өтті Мақсат Бәкешов».

Орта есеппен алғанда, Еурохаттама бойынша төлем жасау рәсімі күнтізбелік 3 күннен 15 күнге дейін созылады. Ал стандартты рәсім шеңберінде сақтандыру төлемін жүзеге асыру мерзімі 3 айға дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ, егер жол-көлік оқиғасына дейін жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзса және камералар оны жазып алған болса, оған айыппұл төлеуге тура келеді, Еурохаттама бойынша ол өтелмейді.

ҚНРДА сақтандыру нарығын дамыту басқармасының деректері бойынша ағымдағы жылдың басынан бастап Еурохаттаманың мобильдік қосымшасы арқылы 9 366 оқиға бойынша 1,7 млрд теңге сомаға төлемдер жүзеге асырылды. Ал Еурохаттаманы таңдаған адамдар саны күннен күнге өсіп келеді.

Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

"Сақтандыру" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге