Қаржылық жауапкершілік, ойлы кредит алу, жеке қаржыны басқару және алаяқтықтың алдын алу – дәл осы маңызды тақырыптар 24 қазан күні «Қаржылық сауаттылық – халық әл-ауқатын арттыру факторы» атты форумда талқыланды. Іс-шара Satbayev University базасында өтті.
Форумның ашылуында ғылыми және халықаралық байланыстар жөніндегі директордың орынбасары Назым Жұнұсбекова жастар арасында қаржылық жоспарлау және сыни ойлау дағдыларын дамыту маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Fingramota.kz жобасының жетекшісі Айгүл Қанатбаева қаржы өнімдерін дұрыс пайдалану және сенімді ақпаратты жалған деректерден ажырата білу – азаматтардың қаржылық қауіпсіздігінің негізі екенін айтты.
Форумның алғашқы бөлігі жауапты қарыз алу мен жеке бюджетті тиімді басқару мәселелеріне арналды. KMF-Демеу компаниясының бас бизнес-тренері Әлия Шәріпова несие алудың ғана емес, оны дұрыс басқарудың да маңыздылығын атап өтті.
Қаржылық кеңесші және мотивациялық спикер Әсел Әулбекова студенттерге жеке бюджет құру, шығындарды жоспарлау және жинақ мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдары туралы айтты.
КСЖ «Евразия» компаниясының сату жөніндегі атқарушы директоры Рамай Құрбанғалиев сақтандыруды қаржылық қауіпсіздіктің маңызды құралы ретінде таныстырды.
Форумның екінші бөлігі цифрлық қауіпсіздік пен алаяқтықтың жаңа түрлеріне арналды. Еуразиялық банк басқарушы директоры Сәуле Исабекова интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен жеке деректер мен қаражатты қорғау жолдары туралы баяндады. Сондай-ақ қаржы ұйымдарының өз клиенттерінің қаржылық сауаттылығын арттырудағы маңызды рөлі ерекше атап өтілді.
Форум соңында қатысушылар арасында қаржылық квиз өткізілді. Ең үздік нәтижелер көрсеткен студенттер құнды сыйлықтар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Бұдан бөлек, «Кредит — лайк емес: рәсімдемес бұрын ойланыңыз!» тақырыбындағы бейнеролик байқауының қатысушылары ерекше аталып өтті.
Студенттер дайындаған креативті және мазмұнды бейнероликтер үздіктер қатарынан табылып, еліміздің түкпір-түкпірінде көрсетілетін болады. Барлық жұмыстарды Fingramota.kz парақшасынан Instagram желісінде көруге болады.
Fingramota.kz ұжымы Satbayev University басшылығына және оқытушылар құрамына форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреді. Сондай-ақ СК Еуразиялық банк пен KMF-Демеу серіктестеріне қатысушыларға ұсынған сыйлықтары мен қолдауы үшін ерекше алғыс айтылады.
Ерікті сақтандыру: өзіңізді және өз болашағыңызды қалай қорғауға болады
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Қаржы алаяқтарынан қарт адамдарды қалайша қорғауға болады: жаңа қағидалар мен ұсынымдар
Cyber Digital Security 2025: форум-көрме технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік стратегиялары
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт