Биыл 19 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Fingramota.kz заңның негізгі нормалары туралы түсіндірме материалдар сериясын бастайды.
Барлығы неден басталды?
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне азаматтардың шамадан тыс кредит алуын азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды. Өткен жылғы 20 қазанда «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы» ашық Парламенттік тыңдаулар өтті, оның қорытындысы бойынша Агенттік және Парламент Мәжілісінің депутаттары кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасын әзірлеуді бастады.
Заң шартты түрде үш блокқа бөлінді – бірінші кезекте проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеу шаралары: төлем мерзімі 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салу, баспанасынан шығарудың орнына халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыға өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді жалға беру.
Екінші блок – тұтынушылық кредит беруді шектеуге бағытталған шаралар: тұтынушылық қарыздың ең жоғары сомасын белгілеу, қарыз алушының төлем қабілеттілігін тиісті бағалау, онлайн-микрокредиттеу талаптарын қатаңдату.
Үшінші блокта – азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау: клиентті биометриялық идентификаттаусыз онлайн қарыздар беруге тыйым салу, егер клиент алаяқтардың құрбаны болса, қаржы ұйымының жауапкершілігін бекіту.
Бүгінгі жарияланымда біз проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеуге, дәлірек айтсақ, банктерде, МҚҰ-да және коллекторлық агенттіктерде проблемалық қарыздары бар азаматтардың кредиттері бойынша қарыздардың одан әрі өсуіне жол бермеуге бағытталған бірінші блокты қарастырамыз. Сонымен қатар коллекторлар азаматтардың банктерден және МҚҰ-дан қарыздарын сатуды неге шектейтінін және банктерден және МҚҰ-дан сатып алынған проблемалық кредиттер бойынша коллекторлық агенттіктерде қандай жаңа міндеттер пайда болғанын қарастырамыз. Неліктен банк омбудсманының өкілеттігі кеңейтіліп, микроқаржы омбудсманы енгізілетіні туралы айтып береміз. Материалда әскери қызметшілер және кәмелеттік жасқа толмаған балалары мен 1 және 2 топтағы мүгедектері бар отбасылар сияқты азаматтардың жекелеген санаттарын қорғауға назар аударамыз.
Проблемалық қарыз алушылармен жұмыс
Банктік қарыз шартына немесе микрокредит беру шартына қол қою арқылы клиент өзіне қатаң сақталуы тиіс белгілі бір талаптарды алады. Ең алдымен, бұл – кредитті уақтылы және толық көлемде өтеу үшін төлемдер жасау. Бұл талапты бұзу төлемді кешіктіру деп аталады және түрлі салдарға әкеп соғады.
Төлемдердің кешіктірілуі түрлі себептерге байланысты болуы мүмкін және клиент әрқашан кінәлі бола бермейді. Банкоматтардың, мобильдік қосымшаның немесе банкаралық аударымдардың техникалық іркілістері орын алуы мүмкін. Әдетте, мұндай кешіктірулер ұзаққа созылмайды, орташа есеппен 1-ден 30 күнге дейін созылады. Бірақ кредит бойынша кешіктіру мерзімі 30 күннен асатын болса, бұл – шарттық қатынастардың бұзылуы және қарыз алушы туралы мәліметтерді өндіріп алу бөліміне беруге әкеп соғады. 90 күнге немесе одан да көп ұзақ мерзімге кешіктіру – істі сотқа беру және қарыздың толық сомасын мәжбүрлеп өндіріп алу үшін негіз болып табылады.
Төлемді кешіктіру басталған кезде кредитор бұл туралы қарыз алушыға шартта көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалу немесе SMS-хабарлама/PUSH-хабарлама жіберу арқылы міндетті түрде хабарлайды. Сонымен бірге қызметкерлері кредит бойынша төлемді өтеу үшін кепілгерлерге жүгіне алады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарының клиенттерін қорғау мақсатында 2020 жылдан бастап 90 күн өткеннен кейін айыпақы мен комиссияларды есептеуге тыйым салды. 2022 жылы норма 90 күннен аса кешіктірілген қарыздар бойынша сыйақы есептеуге тыйым салуға қолданылды. Бірақ бұл жаңалық енгізілген сәттен бастап жасалған жаңа кредиттік шарттарға ғана қатысты болды.
Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 19 маусымда қол қойған Заң осы жылғы 20 тамыздан бастап бұрын жасалған және бүгінгі күні қолданыстағы шарттарға кешіктіру мерзімі 90 күннен асқан қарыздар бойынша сыйақы есептеуге тыйым салатын норманы қосымша күшейтеді. Осылайша, проблемалық қарыз алушының кредит бойынша борышы өспейді.
Сонымен бірге жаңа заң кредиттер бойынша төлеу мерзімін өткізген қарыз алушыларға жаңа қарыздар беруден бас тартылатын норманы бекітеді. Алайда, бұл тыйым қолданыстағы берешекті жақсарту шарттарымен қайта қаржыландыру үшін қарызды өтеу жағдайларына қолданылмайды.
Мысалы, қарыз алушының банкте немесе МҚҰ-да 5 млн теңге мөлшерінде кредиті бар. Төлемдер бойынша мерзімі өткен берешек 90 күннен асады. Жаңа заң бойынша мұндай қарыз алушыға кредит беруден бас тартылады. Шынында да, біздің азаматтар бір мерзімі өткен кредитті жабу үшін одан да жоғары пайызбен жаңа кредит ресімдейді. Ал банк кредит беруден бас тартқан кезде олар микроқаржы ұйымдарына жүгінеді, онда кредит беру талаптары банктің талаптарынан, ең алдымен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесімен және кредит берудің қысқа мерзімдерімен ерекшеленеді.
Жаңа заң бойынша қарыз алушы қарызды жақсарту талаптарында өтеу мақсатында кредит ресімдеуге өтінім бере алады, яғни басқа банкте немесе МҚҰ-да берілген қолданыстағы кепілсіз қарызды қайта қаржыландыра алады.
Қайта қаржыландыру не береді? Ай сайынғы төлем сомасын және жаңа кредит бойынша мөлшерлемені азайту, қолданыстағы қарызды өтеу, сондай-ақ бірнеше кредитті бір кредитке біріктіру. Осы талаптардың барлығы шығындарды оңтайландыруға және ай сайынғы төлем мөлшерін азайтуға көмектеседі, бұл жеке немесе отбасылық бюджетке оң әсер етеді.
Ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап 90 күннен астам төлем мерзімі өткен жағдайда тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу туралы норма күшіне енеді.
Коллекторлық агенттіктер: ойынның жаңа ережелері
Қазіргі коллекторлық нарық құқықтық аяда жұмыс істейді, онда борышкерлермен жұмыс істеу әдістері реттелген және заңнамалық тұрғыдан жазылған. Бұл жағдай маңызды, себебі коллекторлық қызметтің өзіндік ерекшеліктері бар және әлеуметтік тұрғыдан сезімтал, сондықтан қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әсіресе халықтың әлеуметтік осал санатын қорғауға ерекше назар аударылады.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтар мен ұйымдардан төлем мерзімі өткен дебиторлық және проблемалық берешекті өндіріп алу үшін коллекторлық агенттіктерді тартады не талап ету құқығын беру шарты бойынша коллекторларға мерзімі өткен кредиттерді сатады. Коллекторлық агенттіктер борышты сотқа дейінгі тәртіппен де, сот арқылы да талап ете алады.
Айталық, 200 проблемалық кредит жинақталып қалған банк немесе МҚҰ коллекторлық агенттікті жұмысқа тартады және осы борышты цессия шарты бойынша дисконтпен сатады немесе өндіріп алынған сомадан ұсталатын белгілі бір комиссия үшін өндіріп алу шарты бойынша қарыздарды басқаға береді. Банктер мен МҚҰ осылай өз портфелін «нашар» кредиттерден тазартады.
Жаңа заңда мораторий – 2024 жылғы шілдеден бастап қазақстандықтардың проблемалық тұтынушылық кредиттерін коллекторларға сатуға 2026 жылғы 1 мамырға дейін толық тыйым салуды белгілейді. Олар проблемалық кредиттерді сатып алмай-ақ өндіріп алуды жалғастыра алады, кредиттер осы кезең ішінде проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеуге жауапты болатын банктер мен МҚҰ-да қалады.
2026 жылғы 1 мамырдан бастап, коллекторларға, егер мерзімі өткен берешек мерзімі екі жылдан асқан жағдайда ғана азаматтардың кредиттері берілетін болады. Егер адам кредит үшін төлем бойынша 90 күннен астам төлем мерзімін өткізіп алса, онда мұндай кредит бойынша банктер мен МҚҰ-ның кредитті екі жыл (24 ай) ішінде коллекторлық агенттіктерге беруге, сатуға құқығы болмайды. Осы кезеңде кредиторлар қарызды реттеу рәсімдерін жүзеге асыруға тиіс.
Ал бұрын коллекторлық агенттіктер сатып алған азаматтардың қарыздары бойынша биыл қазаннан бастап коллекторлардың берешекті реттеу рәсімдерін жүргізуге тікелей міндеті енгізіледі.
Бұл банктер мен МҚҰ-ның қарыздар беру кезіндегі жауапкершілігін арттырады.
Банк омбудсманы мәлімдеуге уәкілетті
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қаржы нарығының түрлі мәселелері бойынша азаматтардан 200 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Өтініштердің тақырыбы жыл сайын әртүрлі болып келеді, 2020 жылы өтініштер пандемия кезеңінде кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынуға, 2022 жылы қаржы нарығындағы алаяқтықпен және кредиттерді қайта құрылымдау мәселелерімен байланысты болды. Азаматтар, негізінен, банктер мен МҚҰ- қызметіне наразылықтарын білдіреді, кредит бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу үшін кредитормен өзара ымыраға келу мүмкін еместігіне немесе қиын екендігіне шағымданады.
2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың кредиттер бойынша проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай және міндетті тәртібі заңнамалық түрде енгізілді және осы сәттен бастап 1,5 млн қарыз алушыға кредит беру шарттарының талаптары өзгертілді.
Банк пен оның клиенті арасындағы келіспеушіліктерді реттеумен банк омбудсманы айналысады, банк омбудсманы институты Қазақстанда 2011 жылы құрылған. Оның өкілеттіктері «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жазылған, ал қызметтер тегін көрсетіледі.
2011 жылы Қазақстанда банк омбудсманы институтының енгізілуі халық тарапынан ипотекалық қарыз шарттары бойынша құқықтардың бұзылуына мемлекеттік органдарға түскен шағымдар санының ұлғаюынан туындады. Бүгінгі күні қолданыстағы банк омбудсманы институты проблемалық кредиттерді, әсіресе тұтынушылық кредиттерді сотқа дейінгі реттеуде қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін толық көлемде тартылмайды, себебі оның өкілеттігі ипотекалық қарыздар бойынша дауларды қараумен шектеледі.
Жаңа заң оның өкілеттігін кеңейтеді, ендігі жерде банк омбудсманы азаматтардың барлық кредиттері бойынша, оның ішінде тұтынушылық кредиттер бойынша реттеу жүргізу жөніндегі дауларды қарауға міндетті болады.
Сондай-ақ, азаматтардың барлық микрокредиттері бойынша дауларды қарайтын микроқаржы омбудсманы институты алғаш рет құрылуда. Бұл ретте, банктер, МҚҰ және коллекторлар үшін омбудсмандардың шешімін орындау міндетті болады. Омбудсмандар өтініштерді қарау кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдардың кепілге салынған жылжымайтын мүлкінен өндіріп алуға тыйым салынады.
Әскери қызметшілердің кредиттік каникулы және жылыту маусымында баспанасынан шығаруға тыйым салу
2022 жылы Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мерзімді әскери қызметке шақырылған қазақстандықтардың кредиттерді төлеу мерзімін кейінге қалдыру туралы меморандумға қол қойды. Әскерге шақыру барысында белгілі болғаны жастар әскерге баруға асықпайтындығы, оны банктер мен МҚҰ-дан алған кредиттерінің бар екендігімен түсіндіреді, кредиттерді өтеу үшін жұмыс істеу қажеттілігін алға тартады. Меморандумға қол қойылғанға дейін банктер мен МҚҰ-да кредиттер бойынша ай сайынғы төлемдерді тоқтата тұру тәжірибесі болған жоқ. Меморандумға сәйкес банктер мен МҚҰ әскерге шақырылушылар мен әскери қызметшілерге банктік қарыз бен микрокредиттің негізгі борышы мен сыйақысы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруды ұсынады.
Сонымен қатар, ведомстволар арасында бірлескен бұйрық қабылданды, ол қызмет өткеру кезеңінде әскери қызметшілерді қорғауды күшейтіп, қызмет өткеру кезеңіне және оны аяқтағаннан кейін бір ай мерзімге каникул беруге мүмкіндік берді. Бұл ретте төлем мерзімін кейінге қалдыру өтініш берусіз автоматты режимде беріледі. Төлем мерзімін кейінге қалдырудың автоматты режимі мемлекеттік органдардың, банктердің, МҚҰ мен коллекторлық агенттіктердің ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру жолымен іске асырылды.
Меморандумда және бірлескен бұйрықта көзделген шаралар ағымдағы жылғы 20 тамыздан бастап банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша қарыз және (немесе) микрокредит бойынша сыйақыны есептемей мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне мерзімді әскери қызметті өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейін 60 күнді қамтитын кезеңге негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін жаңа заңның негізін қалады.
Сонымен қатар жаңа заң кәмелетке толмаған балалары бар және (немесе) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер тұратын отбасыларды қорғауға бағытталған. Бүгінгі күні Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін жалғыз баспанасынан шығаруға ғана тыйым салынуда. Жаңа заңға сәйкес, отбасында кәмелетке толмаған балалар мен 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар болған кезде жылыту маусымында кредиттер бойынша борышкерлердің жалғыз баспанасы сақталады.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Алаяқтар трендте: алдаудың нақты жағдайлары және одан қорғану әдістері
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады