"Балаларды сақтандыру": ол сіздің балаңызға қажет пе

time 2.06.2022

Балалар әрдайым қозғалыста болып, жаңа шытырман оқиғаларды іздейді, сәйкесінше ата-аналары соған алаңдайды. Әсіресе, бала көбінесе өзімен-өзі болатын демалыс кезеңінде. Балалық шақтағы жарақаттар кенеттен орын алады. Емдеу және оңалту үшін ақшаны қайдан алуға болады? Оған жазатайым оқиғалардан сақтандыру көмектесе алады. Fingramota.kz бұл жөнінде толығырақ айтып береді.

Балалар алаңында болсын, гаражда, тіпті үйде болсын балаға кез келген жерде қауіп төнуі мүмкін. Жазатайым жағдайлардан сақтандыру немесе «балаларды сақтандыру» сізді жарақат алу, бір жерін ұрып алу, сындырып алу сияқты жазатайым жағдайлардан туындайтын қосымша шығындардан құтқара алады. 


«Балаларды сақтандырудың» қандай түрлері болады?

Бала «құлады, есін жиды - гипс» сияқты «классикалық» жағдайға тап болған уақытта үлкендер сақтандыруды шын мәнінде бағалай бастайды.

«Балаларды сақтандыру» не үшін керек және оның қандай түрлері бар? Сіз балаңыздың өмірі мен денсаулығын сақтандыруға арналған полисті сатып алсаңыз болады. Сондай-ақ балалар үшін жеке сақтандыру да бар, ол жарақат алу, аурудың белгілі бір түрлері, жәндіктердің шағып алуы тәрізді әртүрлі қауіп жағдайларына бөлінеді. Кейбір компаниялар тіпті кененің шағуынан да сақтандыру ұсынады.

Сақтандыру жағдайы басталған кезде төлем алуды қарастыратын жинақтаушы сақтандыру бар. Бірақ бұл сақтандырудың негізгі мақсаты болашақта қандай да бір мақсатқа, мысалы, университетке түсу үшін қаражат жинау болып табылады. Бұл жерде белгілі бір жасқа келгенде баласына қандай сома қажет болатынын ата-аналар өздері шешіп, сақтандыру компаниясының көмегімен жинақтауды бастайды. Бұл тиімді және ыңғайлы. Бірақ мұндай қаржы құралына инвестициялау қысқа мерзімде – 1-2 жылда жүзеге асырылмайтынын түсіну керек, бұл - ұзақ мерзімді инвестициялар. Баланың шотына қанша ақша салып отыру керектігі және қандай кезеңділікпен салу керектігі тараптардың келісімі бойынша анықталады.

Сақтандыру компаниясымен мәміле жасамас бұрын сізге:

  • Нарықтағы барлық ұсыныстармен мұқият танысу;
  • Сақтандыру ұйымдарының талаптарын зерделеу;
  • Барлығын оңды-солды саралап, содан кейін ғана асықпай шешім қабылдау қажет екенін атап өткен жөн.

 

Мұндай сақтандырудың артықшылықтары қандай?

Бірінші – 2 жастан 18 жасқа дейінгі баланы сақтандыруға болады. Екінші – сақтандыру полисі жазатайым оқиға нәтижесінде баланың өмірі мен денсаулығына зиян келтірумен байланысты жағдайларды өтейді. Үшінші – сақтандыру баланы алған жарақаттардан кейін емдеу мен қалпына келтіру шығындарын өтейді. Сақтандыру құны сақтандыру мерзіміне, сақтандыру қорғанысының қолданылу уақытына, таңдалған сақтандыру сомасына, сондай-ақ баланың айналысатын спорт түріне, болған жағдайда (альпинизм, су астында жүзу, ауыр атлетика, көркем гимнастика, мотоспорт және т.б.) байланысты болады. Төртінші-сақтандыруды үйден шықпай-ақ онлайн ресімдеуге болады.


Баланы сақтандырудың жұмыс реті қандай?

Сақтандыру жағдайы орын алған уақытта ата-аналар дереу сақтандыру шартында көрсетілген медициналық мекемеге жүгінуге тиіс. Медициналық көмек көрсетіліп, медициналық мекеме қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін сақтандыру өтемін алу үшін сақтандыру компаниясына хабарласу керек. Әр компанияда құжаттар деректерінің өз тізбесі болады, оны алдын ала нақтылау қажет.

Сақтандыру төлемі белгіленген, ал кейде ол сақтандырылған адамның шығындарының бір бөлігін ғана өтейтін болады, бұл шарт талаптарына байланысты болып келеді. Сақтандыру төлемінің мөлшері балаға келтірілген зиянның ауырлығымен айқындалады. Сондықтан сақтандыру шартына тиісті назар аудара отырып, оған жауапкершілікпен қарау керек.

Шарт жасамас бұрын, сіз шарт талаптарының сіздің сақтанушы ретіндегі мүдделеріңізге сәйкестігін толық зерделеп шығуыңыз керек. Қажет болған жағдайда, егер қандай да бір тармақтар түсініксіз немесе күмән тудыратын болса, сақтандыру компаниясының өкілінен шарттың осы ережелеріне түсіндірме беруін сұраңыз. Осылайша сіз орын алуы мүмкін қолайсыз оқиғалардан қорғалғандығыңызға сенімді бола аласыз. Әсіресе сақтандыру жағдайларына қатысты ақпаратты зерделеңіз.

«Балаларды сақтандырудың» іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні туралы бірнеше мысал келтірейік:

1. Сіздің ұлыңыз жазғы лагерьге барды, сіз оған сақтандыру полисін алдын ала ресімдедіңіз. Лагерьде балалармен ойнап жүріп жарақат алды. Сақтандыру бойынша жедел медициналық көмек алу үшін сіз клиникаға жүгінесіз. Тексеру барысында баланың иығының шығып кеткені анықталды. Сізде осындай жарақатты жазатайым оқиға ретінде қарастыратын сақтандыру түрі болғандықтан, емдеуге жұмсалатын шығындарды сақтандырушы төлейді. Нәтижесінде емдеу және физиотерапия сомасы 80 мың теңгеден астам соманы құрады және мұның бәрі сақтандырудың есебінен өтелді, себебі бұл шарт талаптарында көзделген.

2. Сіздің қызыңыз баскетболмен кәсіби түрде айналысады. Сіз жыл сайын ресімдейтін сақтандыруға спорттық тәуекелдерді енгіздіңіз. Яғни, жаттығу кезінде туындауы мүмкін қауіптер. Бірде ол қолын зақымдап, жарақаттанды. Ал сақтандыру компаниясы қыздың еміне кеткен шығынды толығымен төлеп берді.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.


Қандай жағдайлар сақтандыру жағдайлары деп танылады?

Адамның қалауымен басталмаған және оның еркінен тыс болған оқиға сақтандыру жағдайы деп аталады.

«Балаларды сақтандыруда» мынадай жағдайлар сақтандыру жағдайлары болып танылады:

   - табиғи дүлей апаттар салдарынан алынған жарақаттар;

   - күйік, найзағай түсу, күн өтіп кету;

   - жарылыс, үсік шалу, суға бату нәтижесінде алынған жарақаттар;

   - спорт залындағы сабақтар немесе спорттық-бұқаралық іс-шараларға/спорттық жарыстарға қатысу нәтижесінде алынған дене жарақаты;

    - жыландардың, жәндіктердің шағуы;

    - қандай да бір заттың құлауы нәтижесінде алынған жарақат;

    - тыныс алу жолдарына бөтен заттың кездейсоқ түсуі;

    - улы өсімдіктерден, химиялық заттардан (өнеркәсіптік немесе тұрмыстық), дәрі-дәрмектерден кездейсоқ улану;

    - қандай да бір көліктің қозғалысы кезінде алынған жарақаттар;

    - I, II, III топтағы мүгедектікті белгілеу.


Есте сақтаған жөнКәдімгі ЖРВИ, тұмау, COVID -19 вирусын, өзге де вирустық инфекциялар мен ауруларды емдеу жазатайым оқиғадан сақтандырумен өтелмейді. Өйткені, жоғарыда айтылғандардың барлығы медициналық сақтандыруға қатысты.

Сақтандыруды қанша уақытқа ресімдеу керек?

Баланы мысалы, балалар лагерінде демалу уақытына сақтандыруға болады. Яғни, сіз оған өзіңіз қарай алмайтын күндері сақтандыру қажет. Баланы тіпті бір күнге – спорттық жарыстар өткізу уақытына да сақтандыруға болады. Бұл жаз бойы сақтандыру болуы мүмкін. Балаңызды ұзақ уақытқа сақтандырсаңыз да болады, бұл әсіресе спорттық секцияларға үнемі қатысатын оқушылар үшін маңызды.


Сақтандырушыны таңдауда қалай қателеспеуге болады? 

Білген жөн: сақтандыру алаяқтарының айласына түсіп қалмау үшін сақтандыру компаниясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясының бар екендігін тексеру керек. Лицензияланған сақтандырушылардың тізімімен қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтындағы «Қызмет» бөлімінен («Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі» кіші бөлімі) танысуға болады.

Полисті ресімдемей тұрып компанияның беделіне, оның нарықта қанша жыл жұмыс істеп келе жатқанына мән беріңіз, ол туралы клиенттердің интернеттегі пікірлеріне талдау жасап, қызметтердің құнын басқа сақтандырушылармен салыстырып шығыңыз.

Сақтандыру ұйымдары заңнама талаптарын бұзған жағдайда оларға қаржы реттеушісінің тарапынан тиісті шаралар, атап айтқанда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес айыппұлдар қолданылатынын ескеріңіз. Егер, сіздің ойыңызша, сақтандыру полисі заңнама талаптарына сәйкес келмесе немесе сізге сақтандыру қызметтерін көрсету мәселелері бойынша консультация қажет болса, сіз Агенттікке «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы немесе call-орталыққа 1459 және +7 (727) 237 1000 нөмірлері бойынша жүгіне аласыз.

 

Fingramota.kz-пен бірге өз қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге