«Fingramota Online» мобильдік қосымшасының «Қаржы пирамидалары және қаржылық алаяқтық» бөлімі арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар өздері тап болған әр түрлі күмәнді алаяқтық схемалармен белсенді түрде бөлісіп отырады.
Fingramota.kz ол туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, өздерін кез келген адам бейнесінде көрсете алатын алаяқтардың тұзағына түсіп қалмау туралы кеңестер береді.
«SIM-картамен проблемалар»
«Сізді ұялы байланыс операторы мазалап тұр, SIM-картаңыздың мерзімі аяқталып келеді. Егер алдын ала қамданбасаңыз, онда сіздің нөміріңіз бұғатталады. Қызметті ұзартқыңыз келе ме?», - белгілі телекомпаниялардың жалған қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалып, осындай сұрақтар қояды. Көптеген қазақстандықтар жыл басынан бері телефон алаяқтығының осы түріне тап болды.
Егер сіз алаяқтардың сұрағына оң жауап берсеңіз, онда қоңырау шалушылар SMS-кодты айтуды және басқа да жеке деректерді беруді сұрайды. Оларға мұндай ақпарат жәбірленушінің банктік шотын бұзу немесе оның атына жалған кредит ресімдеу үшін қажет. Сонымен қатар, алаяқтар телефон шалған кезде адамды асықтырып, тезірек дегеніне жету үшін тіпті оларды қорқыта бастайды.
Кодты бөгде адамдарға хабарлай отырып, пайдаланушы интернет-ресурста немесе байланыс операторының мобильдік қосымшасында өзінің жеке кабинетіне кіруге рұқсат береді. Алаяқтар SIM-картаның виртуалды телнұсқасын жасай алады немесе қоңыраулар мен SMS-ті басқа нөмірге бағыттау қызметін қоса алады. Әрі қарай, олар жәбірленушінің онлайн-банкингіне кіріп, жаңа қарыз алу, бөліп төлеуді ресімдеу, ақшаны дропперлердің (делдалдардың) шотына аудару сияқты өздеріне қажетті операцияларды оп-оңай жасай алады.
Не істеу керек?
Егер олар құпиясөздер, логиндер, SMS-кодтар және басқа да жеке деректерді (ЖСН, жеке куәлік немесе паспорт нөмірі, төлем картасының деректемелері: картаның артқы жағындағы үш таңбалы код (CVV/CVC-код), оның нөмірі, қолданылу мерзімі және т.б. ақпаратты) сұраса, олар өзін кім деп таныстырса да бөгде адамдарға сенбеңіз.
Бейтаныс адамдардың нұсқаулары бойынша вирустық, шпиондық немесе үшінші тараптарға құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды (мысалы, AnyDesk немесе TeamViewer) жүктемеңіз.
WhatsApp және Telegram арқылы жасалатын алаяқтық
Соңғы уақытта Қазақстанда танымал мессенджерлер немесе фишингтік электрондық хаттар арқылы қызметкерлерге компанияның бастығы немесе басқа жоғары тұрған басшының атынан құпия ақпаратқа шұғыл қол жеткізуді тапсыра отырып, хабарлама жіберу сияқты кибершабуылдың осындай түрі кең таралған. Алаяқтар психологиялық әдістерді қолдана отырып, басшылықтың беделін желеу етіп, қызметкерлерге қысым жасайды.
Әлеуметтік инженерлер WhatsApp және Telegram аккаунттарына кіру үшін жәбірленушілерден жеке деректерді алуға тырысады. Осылайша, алаяқтар «телефонымды жоғалттым, сондықтан басқа нөмірден жазып отырмын, бұл жерде байланыс нашар» және т.б. деген сылтаумен басқа адамның атынан әрекет жасайды. Алаяқтар ақшаны қайта жіберу, құпиясөзді, PIN-кодты немесе басқа жеке мәліметтерді хабарлау, «басшылық» тастаған сілтемені басу немесе сілтеме арқылы жаңа мүмкіндіктерді белсендіру, басқа әріптестерге хабарлама жіберу және т.б. туралы өтініш жасауы мүмкін.
Не істеу керек?
Жіберушіні бұғаттай отырып, мұндай күмәнді хабарламалар мен хаттарды жауапсыз қалдыру керек. Қандай жағдай болса да олармен хат алмасуға, деректерді беруге, фишингтік сілтемелерге өтуге болмайды. Егер күмәндансаңыз, оның нөмірін өз бетіңізше теру арқылы хабарламалар кімнің атынан таратылатындығын өзіңіздің басшыңыздан анықтап алған дұрыс.
Шағым жіберу арқылы өз компанияңыздың қауіпсіздік қызметіне, сондай-ақ WhatsApp, Telegram-ға күдікті іс-қимыл туралы хабарлауды және аккаунтыңызды қорғауды күшейту үшін екі сатылы тексеруді қосуды ұсынамыз.
«Кредиттік көмекшілер»
«Сіздің кредит тарихыңыз нашар ма, бірақ ол кедергі бола қоймас, 200 мыңнан 3 млн теңгеге дейін кепілсіз және алдын ала төлемсіз кредит ресімдеуге көмектесеміз, кредитті мақұлдау көрсеткіші өте жоғары», «Сіз үшін кез келген сомаға және кез келген мақсатқа микрокредит ресімдейміз. 100% кепіл береміз», «Сізге шұғыл ақша керек пе? Тауарды бөліп төлеу арқылы ресімдеңіз, сіздің тауарыңызды жақсы бағамен алып бере аламыз», «Бар ақшаңызды кредиторларға беруден шаршадыңыз ба? Біз сіздің кредитіңізді банк пен МҚҰ-ның базасынан алып тастауға және кредит тарихыңызды тазартуға көмектесеміз», – алаяқтар әлеуметтік желілерде, негізінен Instagram-да жалған бір күндік аккаунттар құра отырып, осындай мазмұндағы хабарламаны орналастырады.
Қаскүнемдердің хабарландыруларға жауап берген пайдаланушылармен өзара іс-қимылы мессенджерлер арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте қаскүнемдер WhatsApp арқылы хат алмасуды жөн көреді, онда хабарламалардың өзінен-өзі жоғалып кететін режимі бар және екі схеманың бірі бойынша әрекет етеді.
Біріншісі – қолма-қол ақшамен берілетін кредит ресімдеу. Қарызды ресімдеу мақсатында интернет-алаяқтар әлеуетті жәбірленушіден кредиттің қажетті сомасын және жеке мәліметтерін: жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін, төлем карточкаларының толық деректемелерін, шот нөмірлерін және т.б. нақтылайды. Алаяқтардың мақсаты зардап шеккен адамға қарыз алушының қажеттілігінен едәуір асатын кредит ресімдеу. Қаскүнемдерді әсіресе азаматтардың танымал онлайн-кредит беру ресурстарында жеке кабинеттерінің болуы қызықтырады. Олардың айтуынша, бұл ақпарат кредиттік ұйымдар жүз пайыз мақұлдайтын тиімді кредит ресімдеу үшін қажет.
Шындығында, алаяқтар өз құрылғыларынан азаматтардың жеке кабинеттеріне қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Құпия сөзді қалпына келтіру үшін олар SMS-кодты сенгіш «клиенттерден» сұрайды, мұны микрокредитке жүгіну және өтініш беру қажет деп түсіндіреді. Жеке кабинетті «бұзу» арқылы алаяқтар онлайн-сервиске ілеспе мобильдік нөмірді оңай өзгерте алады және бөгде адамдарға тіркелген нөмірін көрсетеді. Әрі қарай олар жәбірленушінің атынан онлайн-қарыздар алу үшін әртүрлі МҚҰ-ға өтініш бере бастайды.
Микрокредит мақұлданған жағдайда, алаяқтар қарыз алушылардан алынған қарызды мерзімінен бұрын жабу және жаңа өтінімді жіберу үшін қарыздың барлық сомасын немесе оның бір бөлігін өздері көрсеткен телефон нөмірінің балансына аударуды сұрайды. Олар қарыз алушыларды кредиттік ұйымның скоринг жүйесі оларды «адал клиенттер» деп санауы және болашақта соманы бірнеше есе алуға мүмкіндік беруі үшін мұны істеу керек деп сендіреді.
Немесе алаяқтар алаяқтық жолмен қарыз алушылардың дербес және төлем деректерін алады, және, тиісінше, олардың онлайн-банкингіне, мысалы, AnyDesk қосымшасы арқылы қол жеткізеді. Содан кейін олар барлық қаражатты азаматтардың шоттарынан үшінші тұлғалардың шоттарына – дропперлерге немесе жалған телефон нөмірлерінің балансына аударады, содан кейін ақшаны алып, жазысқан хабарларды жояды.
Екінші схема – тауар кредиттерін ресімдеу. «Кредиттік делдалдар» хабарландыруларына жауап берген қарыз алушылардың дербес деректерін алғаннан кейін алаяқтар өздерінің ұялы телефондарынан және бөгде тұлғаларда тіркелген нөмірлерді пайдалана отырып, электроника сатушыларының сайттарында тауарды таңдайды және қарыз алушының көмегімен оны кредит алуға немесе бөліп-бөліп төлеуге ресімдейді. Бұл ретте алаяқтар өтінімді қарау үшін SMS-кодтар келетін өз нөмірлерін көрсетеді. Айлакер алаяқтар сондай-ақ дүкеннен алып кетуді немесе курьермен көрсетілген мекенжайларға жеткізуді көрсетеді.
Кредит бойынша мақұлдау алғаннан кейін, алаяқтар қарыз алушыларға тауарлық кредитті ресімдей алмағанын немесе бірнеше тауарларды ресімдейтіндерін, ал олардың «клиентіне» тек біреуін беретіндерін хабарлайды. Тауарларды беру кезінде алаяқтарға SMS-код түседі, оны олар дүкен қызметкеріне немесе курьерге хабарлайды. Тауарды алғаннан кейін, алаяқтар жалған көмекшілерінің көмегімен оны тез сатуға тырысады, ал қарыз алушымен байланысқа шықпайды.
Не істеу керек?
Сізге банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді тиімді шарттармен рәсімдеуді ұсынатын делдалдарға сенбеңіз, кредитті ресімдеу үшін ақшалай сыйақы бермеңіз. Бұл алаяқтар.
Қарыздар мен микрокредиттер үшін тікелей банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына хабарласыңыз. Бірақ кез келген кредиттің үлкен жауапкершілік екенін ұмытпаңыз!
«Fingramota Online» қосымшасын мемлекеттік және орыс тілдерінде мына сілтеме арқылы жүктеуге болатынын еске саламыз:
- App Store: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211
- PlayMarket: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals.
Сондай-ақ, мобильдік қосымшаның веб-нұсқасы қолжетімді: http://online.fingramota.kz/ru.
Абай болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Фишинг, дипфейктер және QR-код: интернет-алаяқтар арасында қандай схемалар кең тараған
Жинақ күні: ақша жинауды және қаржылық мақсаттарға жетуді қалай үйренуге болады
Міндетті автосақтандыру: 2024 жылы ең жоғары төлем мөлшері қандай
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қызылорда облысы кенішіндегі көшпелі дәріс
Алматыда қаржы реттеушісінің өкілдері алаяқтардан қорғау тақырыбында педагогтерге арналған тренинг ө...