Қазақстанда Ұлттық рейтингтік агенттік құрылады

time 25.06.2024
aye 1640
Қазақстанда Ұлттық рейтингтік агенттік құрылады

Қаржы нарығының инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Ұлттық рейтингтік агенттік туралы заң жобасын әзірледі.

Құжат қазақстандық кредиттік рейтингтік агенттікті құру үшін заңнамалық негіз болады. Жобаны әзірлеу кезінде Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметіне қатысты ұсынымдары пайдаланылды.

Заң жобасы шеңберінде рейтингтік агенттік қызметінің негізгі қағидаттары, корпоративтік басқаруға, рейтингтік қызметті ұйымдастыруға, мүдделер қақтығысын басқаруға, ақпаратты жариялауға қойылатын талаптар және IOSCO кредиттік рейтингтік агенттіктерінің кәсіптік іс-қимыл кодексіне сәйкес басқа да талаптар белгіленеді.

«Қазақстандық рейтингтік агенттік нарықты сапалы, объективті және қолжетімді рейтингтік қызметтермен қамтамасыз ету үшін қажет. Мұндай рейтингтік агенттіктің пайда болуы облигациялар нарығы арқылы экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейтуге, қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ кредиттік тәуекелдерді тәуелсіз бағалау саласында құзыреттер орталығын құруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Рейтингтік агенттіктің қатысушылары қазақстандық қаржы ұйымдары, қаржы нарығының инфрақұрылымдық ұйымдары, даму институттары болады деп күтілуде. Шетелдік рейтингтік агенттіктердің қазақстандық рейтингтік агенттіктің стратегиялық серіктесі ретінде қатысуы туралы келіссөздер жүргізілуде. Осы заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламентіне 2024 жылдың соңына дейін енгізу жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының рейтингтік қызметтер нарығында S&P, Moody's және Fitch халықаралық рейтингтік агенттіктері бар. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 31 шілдедегі №67 қаулысымен біліктілік өлшемшарттары негізінде шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану рәсімдері қабылданды. Осы рәсімге сәйкес, аса ірі ресейлік кредиттік рейтингтік агенттіктері ТКРА мен Эксперт РА танылды, олар белгіленген өлшемшарттарға  сәйкестігін растады. Бұл ретте ЕАЭО кеңістігінде бүгінгі таңда бес кредиттік рейтингтік агенттік жұмыс істейді – төртеуі ресейлік, біреуі – белоруссиянікі.

Халықаралық рейтингтік агенттіктердің ресми сайттарының деректері бойынша 2022 жылғы жағдай бойынша 75 қазақстандық компанияның халықаралық рейтингтік агенттіктердің 101 жария кредиттік рейтингі болған. Оның ішінде 19% – ЕДБ, 19% – сақтандыру компаниялары, 41% – мемлекеттік сектор компаниялары, 8% – микроқаржы компаниялары, 7% – басқа банктік емес қаржы ұйымдары, 6% – жеке қаржылық емес компаниялар.

Дереккөзі: ҚНРДА сайты

white-arrow Тізімге