Capital Bank Kazakhstan-ның лицензиясы қайтарып алынды

time 25.06.2021
aye 3054
Capital Bank Kazakhstan-ның лицензиясы қайтарып алынды

Пруденциялық нормативтерді жүйелі түрде бұзу және төлемдер мен аударымдар бойынша клиенттер алдындағы міндеттемелерді орындамау салдарынан «Capital Bank Kazakhstan» АҚ банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге берілген лицензиядан айырылды. Бұл шешім Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 24 маусымдағы №74 қаулысымен қабылданды.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 1-тармағының 7), 15), 16) тармақшаларына сәйкес: пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзу; қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде орындамау; банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамауы, сондай-ақ банкті төлемге қабілетсіз банк санатына жатқызу лицензиядан айыруға негіз болып табылды.

Қаржы реттеушісінің деректері бойынша лицензиядан айыру күніне банк активтерінің мөлшері 38,5 млрд теңгені, несие портфелі – 33,9 млрд теңгені құрады, оның ішінде 30,4 млрд теңге немесе банктің несие портфелінің 89,8%-ы 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттермен ұсынылған. Банктің өтімді активтерінің мөлшері 149 млн теңгені құрайды, бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдер көлемі 15 млрд теңгеден асады.

Агенттік осы банкке қатысты 29 қадағалап ден қою шараларын қабылдады және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 67 хаттама жасады. 2020 жылы Банк акционері Банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынды. Көрсетілген Жоспарды орындау шеңберінде Банк Агенттіктің күшейтілген бақылауымен 2020 және 2021 жылдар ішінде Банктің депозиторлар алдындағы міндеттемелерін 31 млрд теңге сомаға төмендетті. Жоспарды іске асыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар мекемелер (мектептер мен ауруханалар) алдындағы міндеттемелер толық және квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттемелердің едәуір бөлігі де толық өтелді. Алайда банк пен оның акционері қабылдаған шаралар «Capital Bank Kazakhstan»АҚ-тың қаржылық жағдайын тұрақтандыруға алып келмеді. Банк пруденциялық нормативтерді бұзуды жалғастыруда және Банк клиенттері алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерді орындамайды.

Агенттік Төрағасының 2021 жылғы 24 маусымдағы №206 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері ауысты.  Уақытша әкімшілік банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшіліктің басшысы болып Агенттіктің қызметкері Шолпан Тоқсейітова тағайындалды. 2021 жылғы 25 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды. Агенттік заңнамада белгіленген тәртіпте банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы сотқа өтінішпен жүгінеді. Сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап, банкті ұстауға арналған ағымдағы шығыстармен байланысты талаптарды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда, кредиторлардың Capital Bank Kazakhstan-ға талаптары тарату ісінде ғана қойылуы мүмкін.

Бұл ретте, банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 99%-ның депозиттері «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігімен толық көлемде өтелетінін  атап өту қажет.  Банк клиенттері барлық сұрақтар бойынша «Capital Bank Kazakhstan» АҚ уақытша әкімшілігіне +7 (727) 331 66 77 телефоны арқылы хабарласуларына болады.

white-arrow Тізімге